Қазақстан 2026–2027 жылдары жеті әлем чемпионатын қабылдайды, деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстан алдағы екі жылда бірден жеті әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болды. Бұл еліміздің халықаралық спорт аренасындағы беделінің артып, спорттық инфрақұрылымы мен ұйымдастырушылық әлеуетінің жоғары деңгейде екенін көрсетеді.
Биыл қазан айында Қазақстанда күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Ал 2027 жылы Астана қаласы бірқатар олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпионаттарын қабылдайды. Атап айтқанда, елордада үстел теннисі, дзюдо, бокс, таеквондо, киберспорт және шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншіліктері ұйымдастырылады.
Жоспарға сәйкес, шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 28–31 қаңтарда, ,бокстан әлем чемпионаты 10–26 сәуірде, үстел теннисінен әлем чемпионаты 22–30 мамырда, дзюдодан әлем чемпионаты 7–14 маусымда, ал таеквондодан әлем чемпионаты 7–13 шілде аралығында өтеді. Киберспорттан әлем чемпионатының нақты мерзімі кейінірек жарияланады.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет еліміз екі жыл ішінде жеті әлем чемпионатын өткізу мүмкіндігіне ие болып отыр. Бұл халықаралық спорт ұйымдарының Қазақстанға деген сенімін және еліміздің ірі жарыстарды әлемдік талаптарға сай өткізе алатынын айғақтайды.
Әлем чемпионаттарына дүние жүзінің үздік спортшылары қатысады деп күтілуде. Мұндай ауқымды жарыстар отандық спорттың дамуына серпін беріп қана қоймай, жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді.
Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі жарыстар оқиғалық туризмнің дамуына, қонақүй және қызмет көрсету саласының жандануына, инфрақұрылымның жетілуіне оң әсер етіп, Қазақстанның халықаралық имиджін одан әрі нығайтады.
Министрліктің мәліметінше, әлем чемпионаттарын өткізу құқығына ие болу – спорт инфрақұрылымын дамыту, халықаралық талаптарға сай ұйымдастыру жұмыстарын жетілдіру және әлемдік спорт федерацияларымен әріптестікті нығайту бағытында атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесі.
