7–8 қазанда Астанада әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеу (MRO), заманауи технологияларды енгізу және авиация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне арналған Central Asia MRO халықаралық іс-шарасы өтіп жатыр деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі арасындағы азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған пленарлық сессия ұйымдастырылды.
Сессияны ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Ұлыбританияның сауда мәселелері жөніндегі министрі Анас Сарвар құттықтау сөздерімен ашты.
Кездесу барысында тараптар азаматтық авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен оны одан әрі дамыту перспективаларын қарастырды. Сонымен қатар әуе қатынасын кеңейту, авиациялық инфрақұрылымды дамыту, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеу, заманауи технологияларды енгізу, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері сөз болды.
Сондай-ақ Қазақстандағы MRO нарығын дамытуға, отандық авиация мамандарының кәсіби құзыреттерін арттыруға және авиация саласындағы жетекші халықаралық компаниялармен өзара іс-қимылды кеңейтуге назар аударылды.
Қазақстан тарапы Ұлыбританиямен авиация саласындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті. Сонымен қатар британдық авиакомпаниялар мен авиациялық кәсіпорындарды Қазақстандағы бірлескен жобаларға тарту мүмкіндіктері қарастырылды.
Келесі материал: Түркияда 2800 метр биіктікте органикалық бал өндіріледі
