27 қыркүйекте Алматыда 15-ші Almaty Marathon өтті. Мерейтойлық жарысқа 66 елден 16 мың адам қатысып, шетелдік желаяқтар саны бойынша рекорд жаңарды. Бұл туралы SteppeNews.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Биыл марафонға 1 534 шетелдік қатысушы тіркелді. Ал негізгі 42,2 шақырымдық қашықтыққа 1 614 адам қатысты. Қатысушылардың шамамен 14%-ы Қазақстанның басқа өңірлерінен келген.
Шетелдік желаяқтар арасында Ресей азаматтары басым болды – 550 адам. Одан кейін Қырғызстаннан 171, Өзбекстаннан 151, Қытайдан 133, АҚШ пен Оңтүстік Кореядан 51 адамнан қатысты.

Жарысқа Еуропа, Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка мен Океания елдерінен спортшылар келді. Жалпы марафонның географиясы 66 елді қамтыды.
«15 жыл ішінде Almaty Marathon жыл сайын өтетін спорттық жарыс аясынан әлдеқайда асып түсті. Ол жүгіру мәдениеті мен оған қатысты инфрақұрылымның – жүгіру клубтары, мамандандырылған дүкендер, спорттық медицина, жабдықтар мен желаяқтарға арналған сервистердің дамуына ықпал еткен жобалардың біріне айналды. Марафон Алматының халықаралық жүгіру картасындағы орнын да нығайтуға үлес қосты. Ендігі кезең – спорттық туризмді дамыту, Қазақстанның әлемдік жүгіру қауымдастығындағы орнын кеңейту және қала мен оның тұрғындарына ұзақ мерзімде пайда әкелетін мұра қалыптастыру», – деді «Бірінші болуға батылдық» корпоративтік қорының қамқоршылық кеңесі төрағасы Ғалымжан Есенов.
Мерейтойлық жарыстың халықаралық қонақтарының бірі жапондық марафоншы Юки Каваучи болды. Ол 2018 жылғы Бостон марафонында жеңіске жеткен. Almaty Marathon оның Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы жарысы болды.
Қатысушылар 42,2 км, 21,1 км және 10 км қашықтықтарымен қатар, скандинавиялық жүріс пен командалық Экиден эстафетасына қатысты.

2018 жылдан бері алғаш рет марафон бағыты толық жаңартылды. Жаңа маршрут Алматының орталығы мен тарихи бөлігін қамтып, бір айналым бойынша ұйымдастырылды. Жарыс Абай алаңынан басталып, Республика алаңында аяқталды.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жарысты басқарудың бірыңғай орталығы жұмыс істеді. Жарыс жолындағы жағдай қалалық бейнебақылау камералары арқылы бақыланды.
Медициналық көмек көрсету үшін жол бойына жеті медициналық шатыр, мәреге екі кеңейтілген пункт қойылды. Қатысушыларға 12 жедел жәрдем бригадасы, 16 веломедик, 40 дәрігер және 84 медициналық ерікті қызмет көрсетті.
Сонымен қатар жарыс аумағында су және тамақтану пункттері, санитарлық тораптар мен параспортшыларға арналған қолжетімді инфрақұрылым ұйымдастырылды. Жарыс жолының бойында көрермендерге арналған трибуна және 60-тан астам қолдау көрсету нүктесі жұмыс істеді.
Келесі материал: Қытайдағы халықаралық семинар: Қалби Мади мұнай-газ саласындағы тәжірибесімен бөлісті
