Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының құрылғанына 77 жыл толуына орай ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды SteppeNews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы құттықтауында Қытайдың тарихи жаңару мен жаңғыру кезеңіндегі жетістіктерін атап өтті. Оның айтуынша, ел дәстүрі мен мәдени мұрасын сақтай отырып, даму мен экономикалық өрлеу бағытында нәтижелер көрсетіп келеді.
«Әсіресе, Қытайдың ғылыми-технология, инновация мен цифрлық экономика салаларындағы толағай жетістіктері жаһанды таңғалдырды», – делінген жеделхатта.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы достыққа, тату көршілікке және жан-жақты стратегиялық серіктестікке негізделген байланыстардың дамып келе жатқанын атап өтті.
Президент сондай-ақ биыл Шанхайдағы кездесудің екі ел арасындағы өзара ықпалдастықтың келешегіне қатысты ортақ ұстанымды нығайтып, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға мүмкіндік бергенін айтты.
Жеделхат соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинге мемлекеттік қызметінде табыс, ал Қытай халқына құт-береке тіледі.
Айта кетейік, бұған дейін SteppeNews.kz Алматы мен Астанада Қытай Халық Республикасының 77 жылдығына арналған мерекелік шаралар өткенін жазған болатын.
Келесі материал: Үш дүркін Олимпиада чемпионы Ли Нин Алматыдағы жас гимнасшылармен кездесті