Ташкенттен Сеулге бағыт алған HY511 рейсінде төтенше жағдай орын алды. Борттағы жолаушылардың бірі күтпеген сәтте есінен танып, халі күрт нашарлаған. Самарқандтық дәрігер Хасан Камилов шұғыл әрі сауатты әрекет етіп, әуеде ес-түссіз жатқан әйелді өлім аузынан аман алып қалды, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Оқиға 11 қазан күні болған. Көктегі сапар кезінде бортсеріктер ұшақта дәрігердің бар-жоғын сұрап, дабыл қағады. Шақыруға бірден үн қосқан оториноларинголог Хасан Камилов жағдайы ауырлаған жолаушыға дереу көмекке ұмтылған.
Дәрігердің айтуынша, пациентті тексеру кезінде оның тамыр соғысы да, қан қысымы да байқалмаған. Әйел шок жағдайында болып, денесі суып, өңі көгеріп кеткен.
«Мен әрдайым өзіммен бірге жолдорбамда қажетті дәрі-дәрмектерді, алғашқы көмек қобдишасын және тонометрді алып жүремін. Мұндай сәтте әрбір секунд маңызды еді. Оның жағдайы өте ауыр болды. Борт экипажы ұсынған оттегі маскасы мен медициналық құралдарды, сондай-ақ өзімдегі препараттарды қолданып, шұғыл процедураларды бастап кеттік. 10 мың метр биіктікте 10–15 минуттан кейін жолаушы есін жинай бастады», — деп бөлісті Хасан Камилов Денсаулық сақтау министрлігіне берген сұхбатында.
Дәрігер пациенттің жағдайын бір сағат бойы үздіксіз бақылауда ұстаған. Нақты әрі білікті көмектің арқасында ұшақтың бағытын өзгертіп, басқа әуежайға шұғыл қонудың қажеті болмады. Рейс жоспарланған бағыт бойынша сапарын ары қарай жалғастырды.
Көрсеткен көмегін ерлікке баламайтын ақ халатты абзал жан бұл өзінің кәсіби міндеті екенін атап өтті:
«Дәрігер үшін бұл — ерлік емес, бұл — біздің күнделікті ауыр жұмысымыз. Кез келген дәрігер осындай сәтте көмек қолын созуды өзінің бұлжымас борышы деп санауы тиіс».
Мағлұматқа сүйенсек, Хасан Камилов — Самарқанд қаласындағы жеке клиниканың басшысы әрі Ташкент мемлекеттік медицина университетінің ғылыми ізденушісі. Қазіргі уақытта ол Оңтүстік Кореядағы Чунгбук университетінде біліктілігін арттырудан өтіп жатыр.
Оқиғадан кейін «Uzbekistan Airways» әуе компаниясы мен Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігі тығырыққа тірелген сәтте кәсіби шеберлік танытқан дәрігерге және жылдам әрі үйлесімді әрекет еткен ұшақ экипажына арнайы алғыс білдірді.
Келесі материал: Коммуналдық қызметтер қымбаттады. Ақшаның қайда жұмсалып жатқанын қалай тексеруге болады?
