Ақтау қаласында «Caspian Sea Action Week 2026» апталығы аясында Каспий теңізінің экологиялық жағдайына арналған халықаралық іс-шара өтті. «Бір Каспий – бір болашақ» атты фасилитациялық сессия мен «Бірлескен ғылыми зерттеулер – Каспий теңізінің өзекті мәселелерін шешудің кілті» тақырыбындағы халықаралық дөңгелек үстелде теңізді зерттеу және қорғау мәселелері талқыланды деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Каспий теңізінің Қазақ ғылыми-зерттеу институты және Маңғыстау облысының әкімдігі ұйымдастырды.
Жиынға Каспий маңы мемлекеттерінің табиғатты қорғау саласындағы ведомстволары, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен сарапшылар қатысты. Сонымен қатар Тегеран конвенциясының Уақытша хатшылығы мен БҰҰ-ның жобаларға қызмет көрсету басқармасының өкілдері де іс-шараға қатысты.
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансур Ошурбаев өз сөзінде Каспий маңы елдері арасындағы ғылыми ынтымақтастықты күшейтудің маңыздылығына тоқталды.
Оның айтуынша, ғылыми ақпаратпен алмасу, ортақ зерттеулер жүргізу, ғылыми инфрақұрылымды жетілдіру және заманауи мониторинг технологияларын енгізу Каспий өңірінде ортақ ғылыми кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Бүгінде ғылымның рөлі артып келеді. Заманауи зерттеулер Каспий теңізінде болып жатқан үдерістерді тереңірек түсінуге, экологиялық мониторинг жүйелерін жетілдіруге, алдағы өзгерістерді болжауға және тиімді басқарушылық шешімдер қабылдау үшін ғылыми негізделген ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді», – деді Мансур Ошурбаев.
Кездесуде Ресей, Әзербайжан, Иран және Түрікменстан өкілдері де сөз сөйледі.
Талқылау барысында Каспий теңізінің гидрометеорологиялық және экологиялық жағдайы, теңіз деңгейінің өзгеруі, экологиялық мониторинг, жағалау және теңіз экожүйелерінің жай-күйі қаралды. Сондай-ақ биологиялық әртүрлілікті сақтау және климат өзгерісінің Каспийге ықпалы сөз болды.
Жеке сессия гидробиологиялық зерттеулерге арналды. Онда экожүйелерді сақтау және теңіз деңгейінің өзгеруінің Каспийдегі биологиялық әртүрлілікке әсері талқыланды.
Қатысушылар Каспий маңы мемлекеттері арасындағы бірлескен ғылыми зерттеулерді кеңейтіп, деректер алмасуды күшейту қажеттігін атап өтті.
Жиын қорытындысында ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамыту және зерттеу нәтижелерін Каспий теңізінің экожүйесін қорғауға бағытталған ұзақ мерзімді шешімдер әзірлеуде пайдалану маңызды екені айтылды.
