XX жазғы Азия ойындарының басталуына бір айға жуық уақыт қалды. Құрлықтағы ең ірі көпсалалы спорттық жарыс 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Olympic.kz алдағы Азиадаға қатысты негізгі деректерді ұсынды.
Аичи-Нагоя-2026 Азия ойындарына 11 мыңнан астам спортшы қатысады деп күтілуде. Оларға командалардың шамамен 6 мың ресми өкілі қосылады. Жалпы жарысқа 45 Ұлттық Олимпиадалық комитеттің өкілдері қатысады.
Биылғы Азиаданың бағдарламасына 43 спорт түрінен 71 дисциплина енгізілген. Жарыс барысында 469 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Бағдарламада Олимпиадалық спорт түрлерімен қатар Азия халықтарына тән дәстүрлі спорттар да бар. Олардың қатарында Орталық Азияға тән кураш, Шығыс Азияның ушуы, Оңтүстік Азияның кабаддиі, Оңтүстік-Шығыс Азияның сепактакрауы және Батыс Азияда кең тараған джиу-джитсу бар.
Сонымен бірге Азиада бағдарламасына алғаш рет BMX-фристайл, аралас жекпе-жек, падел, серфинг, текбол және виртуалды таеквондо енгізіледі.
Жапония Азия ойындарын үшінші рет қабылдайды

2026 жылғы Азиада Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарының тарихтағы үшінші додасы болмақ.
Жапония алғаш рет құрлықтық жарысты 1958 жылы Токиода қабылдады. Арада 36 жыл өткен соң, 1994 жылы Хиросимада Азия ойындары ұйымдастырылды. Енді 32 жылдан кейін Азиада қайтадан Жапонияға оралып отыр.
Ал алғашқы жазғы Азия ойындары 1951 жылы Нью-Делиде өткен. Осылайша, 2026 жылы Азия ойындарының тарихына 75 жыл толады.
Аичи-Нагоя-2026 – тарихтағы 20-шы жазғы Азия ойындары.
Жарыстар 53 нысанда өтеді

Ұйымдастырушылар жарыстарды 53 спорт нысанында өткізуді жоспарлап отыр. Олардың негізгі бөлігі Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында орналасады. Сонымен қатар жекелеген жарыстар Токиода, Сидзуока, Гифу және Осака префектураларында өтеді.
Негізгі спорт ареналарының бірі – Nagoya City Mizuho Park Athletic Stadium. Мұнда жеңіл атлетика жарыстарымен қатар Азиаданың ашылу және жабылу салтанаттары ұйымдастырылады.
Жүзу жарыстары Tokyo Aquatics Centre-де, велотрек бәсекелері Izu Velodrome-де өтеді. Футбол матчтары бірнеше өңірде, соның ішінде Гифу, Сидзуока және Осакада ұйымдастырылады.
Азиада медальдары неден жасалады?

Азиада жүлделері де ерекше технологиямен әзірленген.
Салмағы шамамен 265 грамм болатын алтын медаль таза күмістен жасалып, кемінде 1 грамм алтынмен қапталады. Күміс медальдың салмағы шамамен 264 грамм болады.
Ал қола медаль құрамында 95 пайыз мыс және 5 пайыз мырыш бар қызыл жезден дайындалады. Оның салмағы шамамен 222 грамм.
Әр медальдың диаметрі 80 миллиметр, қалыңдығы 5 миллиметр.
Жүлделерге қажетті металдың бір бөлігі шағын электрондық құрылғыларды қайта өңдеу арқылы жиналған. Ұйымдастырушылардың жаңартылған жоспарына сәйкес, медальдарға 2 келі алтын, 1055 келі күміс және 563 келі мыс жұмсалады.
2025 қаржы жылының қорытындысында жоба аясында шамамен 1,78 келі алтын, 20,22 келі күміс және 14,5 тоннадан астам мыс жиналған.
«Сегіз» санының мәні неде?

Азиада медальдарына арналған қораптың дизайнында «八» (сегіз) иероглифі негізге алынған. Қораптың ішкі және сыртқы пішіні сегіз қырлы.
Бұл белгі тарихи тұрғыда Овари Токугава әулетімен байланысты және Нагоя қаласының елтаңбасында да кездеседі. Жапон мәдениетінде иероглифтің сыртқа қарай кеңейетін сызықтары даму мен өркендеуді білдіреді.
Медаль қорабы Аичиде өсірілген жапон хиноки кипарисінен жасалады. Оның дизайны Жапонияда бағалы бұйымдарды ағаш қорапта сақтау дәстүрімен үндеседі.
«Сегіз» саны Азиада алауының дизайнында да қолданылған. Алау 11 маусымда, ойындардың ашылуына 100 күн қалғанда Нагоядағы Но театрында таныстырылды.
Алау сегіз металл бөліктен тұрады, ал оның сегіз қырлы тұтқасы «八» иероглифінен шабыт алған.
Спортшылар қайда орналасады?

Аичи-Нагоя-2026 ойындарының ерекшеліктерінің бірі – спортшыларды орналастыру жүйесі. Ұйымдастырушылар дәстүрлі бірыңғай Олимпиада қалашығын салудың орнына бірнеше орналасу орнын пайдалануды таңдаған.
Негізгі орталықтардың бірі Нагоя портындағы Athletes’ Plaza болады. Ол екі бөліктен тұрады: Kinjo Pier маңындағы круиздік кеме және Garden Pier аумағында орналасқан уақытша Asian Games Villas тұрғын кешені.
Жоспар бойынша круиздік кемеге 4600 спортшы мен ресми өкіл, ал Asian Games Villas кешеніне тағы 2400 адам орналасады. Осылайша, Athletes’ Plaza шамамен 7 мың қатысушыны қабылдай алады.
Garden Pier аумағында шамамен 400 уақытша тұрғын модулі салынады. Мұнда асхана, жаттығу залы, көлік орталығы және Ұлттық Олимпиадалық комитеттерге арналған қызмет көрсету орындары да болады.
Garden Pier мен Kinjo Pier арасы 6,5 шақырым. Арнайы шаттл бұл қашықтықты шамамен 15 минутта жүріп өтеді.
Жалпы орналастыру жоспарына 5 негізгі аймақ пен 30 орын кіреді. Оның 20-сы Аичиде, 2-еуі Токиода, 3-еуі Сидзуокада, 4-еуі Гифуда және 1-еуі Осакада орналасады.
Круиздік кемені «су үстіндегі спортшылар қалашығы» ретінде пайдалану Азия ойындарының тарихында алғаш рет жүзеге асқалы отыр. Қазіргі жоспар бойынша кеме 15 қыркүйекте Kinjo Pier айлағына келеді.
Азиадаға 10 мыңнан астам ерікті қатысады

Ойындарды өткізуге шамамен 10 200 ерікті жұмылдырылады. Сонымен қатар Азиаданы 5300-ге жуық аккредиттелген медиа өкілдері ақпараттық тұрғыда сүйемелдейді.
Еріктілер One Asia Crew атауымен біріктірілген. Бұл атауды таңдау байқауына 6386 ұсыныс түскен. Үш финалдық нұсқаның ішінен жеңімпаз дауыс беру арқылы анықталған.
Азиада алдында 56 сынақ жарысы өтеді
Жарыс нысандары мен ұйымдастыру жүйесінің дайындығын тексеру мақсатында Азиадаға дейін 56 сынақ жарысын өткізу жоспарланған.
Бұл жарыстар спорттық инфрақұрылымды нақты бәсекелік жағдайда сынап, ұйымдастырушылық мәселелерді алдын ала пысықтауға мүмкіндік береді.
Үш алау бір отқа біріктіріледі

Азиада-2026 алау эстафетасына шамамен 1000 адам қатысады. Эстафета Аичи префектурасының барлық 40 муниципалитеті мен Нагояның 16 ауданын қамтиды. Оның соңғы кезеңі 18 қыркүйекте аяқталады.
Эстафетаның басты ерекшелігі – Азия ойындарының ортақ алауы үш түрлі отты біріктіру арқылы жасалады.
Алғашқы алау 18 тамызда Токиода, 1958 жылғы Азия ойындарына арналған қазандықта тұтатылды. Екінші от 20 тамызда 1994 жылғы Азия ойындары өткен Хиросимадағы Бейбітшілік мемориалдық саябағында жағылды.
22 тамызда екі алау Нагоя қамалына жеткізіліп, оларға қабылдаушы өңірдің оты қосылды. Осылайша үш от біріктіріліп, Азиаданың ортақ алауы жағылды.
Одан кейін күрестен үш дүркін Олимпиада чемпионы Саори Ёсида эстафетаның алғашқы кезеңін бастады.
Азиада алдындағы арнайы мектеп эстафетасы 7–15 қыркүйек аралығында Аичидегі 14 мектепті қамтиды. Оған орта және жоғары сынып оқушыларымен қатар арнайы білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері де қатысады.
Қазақстанның Азиададағы көрсеткіші

Қазақстан құрамасы жазғы Азия ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді.
Осы уақыт ішінде қазақстандық спортшылар құрлықтық додада 637 медаль жеңіп алған. Оның ішінде 165 алтын, 180 күміс және 292 қола жүлде бар.
Аичи-Нагоя-2026 ойындары Қазақстан спортшылары үшін Азиядағы басты бәсекелердің біріне айналмақ.
Дереккөз: Olympic.kz
