2026 жылғы 26 тамызда Эр-Риядта Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы әуе қатынасын дамытуға бағытталған жаңа келісімге қол қойылды. Бұл туралы SteppeNews.kz ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Құжатқа Қазақстан Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келісім аясында қол қойылды. Келісім екі ел арасындағы азаматтық авиация саласындағы құқықтық базаны нығайтып, тұрақты әуе қатынасын дамытуға жаңа мүмкіндіктер береді.
Қол қою рәсіміне Қазақстанның Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Сауд Арабиясы Корольдігінің Азаматтық авиация бас басқармасы президентінің міндетін атқарушы Сулейман бин Ахмед Альбассам қатысты.
Келісім екі ел арасындағы сауда-экономикалық және іскерлік байланыстарды дамытуға, инвестиция тартуға, сондай-ақ туристік және мәдени ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Жаңа уағдаластыққа сәйкес, тараптар тұрақты жолаушылар рейстерінің рұқсат етілген санын аптасына 28-ден 70 рейске дейін ұлғайтты.
Сонымен қатар әуе тасымалдаушылары Астана – Эр-Рияд бағыты бойынша тікелей тұрақты рейстер ашуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, Сауд Арабиясының басқа қалаларына қатынайтын әуе бағыттарының санын арттыру көзделген.
Бұл қадам екі ел арасындағы әуе байланысын күшейтіп, Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы туристік және іскерлік сапарлардың артуына мүмкіндік береді.
