SteppeNews.kz: ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елордалық полиция қызметкерлері мектептердің бірінің аумағында қоғамдық тәртіптің бұзылу фактісін анықтап, дер кезінде жолын кесті. Оқиғаға 17 жастағы жасөспірімнің автокөлікпен оқу орнының аумағына заңсыз кіруі себеп болған. Өзіне жасалған ескертуге жасөспірім агрессивті түрде жауап беріп, салдарынан екі тарап арасында жанжал туындаған.
Тексеру нәтижесі бойынша оқиғаға қатысқан барлық тұлғалар тиісті жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен кәмелетке толмаған жасөспірім мен мектеп қызметкері ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жазаланса, автокөлік жүргізушісіне жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін айыппұл салынды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта жасөспірімнің ата-анасын бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылуда. Тиісті материалдар профилактикалық шаралар қабылдау үшін оның тұрғылықты жері бойынша жолданды.
Құқық қорғау органдары қауіпсіз орта қалыптастыру, әсіресе балалар шоғырланған жерде заң мен тәртіптің қатаң сақталуы тиіс екенін ескертеді. Кез келген өрескел әрекеттер мен белгіленген талаптарды әдейі елемеу жағдайлары заң аясында қатаң тоқтатылады. Полиция әрбір осындай жағдайға міндетті түрде құқықтық баға берілетінін және бұл шаралар алдағы уақытта құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталғанын жеткізді.

