Алматыда «Шығыс қақпасы» полиорталығын дамыту жобасы аясында қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде жаңа жолдар мен инженерлік инфрақұрылым салынады. Жоба 2023 жылы бекітілген Алматы қаласының Бас жоспарына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Әкімдік мәліметінше, Бас жоспарға енгізіліп жатқан өзгерістер бұл жобаға әсер етпейді деп хабарлайды SteppeNews.kz, Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Көлік қатынасын жақсарту мақсатында Баймағамбетов көшесі, Құлжа тас жолы, Бұқтырма көшесі және Рысқұлов даңғылының аралығында жалпы ұзындығы 17,5 шақырым болатын жаңа жолдар салу көзделген.
Жобаның негізгі бөлігі – Бұқтырма көшесін Рысқұлов даңғылымен жалғайтын алты жолақты магистраль. Оның ұзындығы 4,6 шақырым, ені 50 метр болады. Жаңа жол Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен (ҮАААЖ) тікелей байланыс орнатып, қаланың көлік желісінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Алматы мен қала маңындағы елді мекендер арасындағы көлік қатынасы да жақсарады.
Магистральдың бағыты жеке тұрғын үй секторын қамтитындықтан, мемлекеттік қажеттілік үшін шамамен 200 жер учаскесін сатып алу жоспарланған. Осыған байланысты қала әкімдігі тиісті қаулы қабылдап, меншік иелеріне ресми хабарламалар жолдаған.
Әкімдік мәліметінше, полиорталықтар жүйесін дамыту Алматының басты даму бағыттарының бірі саналады. Жоба аясында қоғамдық-іскерлік және тұрғын үй кешендері бой көтеріп, көлік-логистикалық тораптар, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық кеңістіктер салынады.
Сондай-ақ қала аумағының шектеулі болуына байланысты Алматыны дамытудың негізгі бағыттарының бірі ретінде жеке тұрғын үй секторын кезең-кезеңімен жаңғырту қарастырылған. Бұл тәсіл әлемнің ірі мегаполистерінде қолданылып жүрген қала құрылысы тәжірибесіне сәйкес келеді.
