Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында отандық өндірушілермен және ірі сауда желілерімен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалды. Келісімдер аясында 2026–2027 жылдарға арналған бірқатар негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасы бекітілді, деп жазады SteppeNews.kz Алматы қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.
«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мәліметінше, келісімшарттар тұрғындарды күнделікті тұтынатын азық-түлікпен қолжетімді бағамен қамтамасыз етуге бағытталған.
Қандай азық-түліктің бағасы бекітілді?
Келісімдер аясында жұмыртқа, нан, құс еті, қант, көкөністер және басқа да негізгі азық-түлік өнімдерін жеткізу мен сату шарттары белгіленген.
Атап айтқанда, 2027 жылдың қазан айына дейін 1-санатты жұмыртқаның бір данасы 59 теңгеден аспайтын бағамен сатылады. Бұл талап «Magnum», «Small», «Астор» сауда желілері мен «Алатау-Құс» дүкендеріне қатысты.
Ал «Алматынан» НТК» ЖШС өндіретін 1-сұрыпты нан «Magnum», «Small», «Jardi» сауда желілеріне және үй жанындағы дүкендерге тұрақты жеткізілмек.
Құс еті бойынша да баға шектері белгіленді. «Алатау-Құс» АҚ-ның фирмалық дүкендерінде тауық сирағының бір келісі 1 650 теңгеден сатылып, бұл талап 2027 жылдың қарашасына дейін сақталады. «Nauryz Agro KZ» компаниясы 2027 жылдың шілде айының ортасына дейін тауықтың сан еті мен жамбас етін келісіне 1 300 теңгеден жеткізеді. Ал «Magnum» дүкендеріндегі сату бағасы 1 495 теңгеден аспауға тиіс.
Қанттың бір келісіне 405 теңге көлемінде баға бекітілді. 2027 жылдың қарашасына дейін жалғасатын келісім бойынша сауда желілеріндегі үстеме баға 10 пайыздан аспауы керек. Бұл талап «Magnum», «Small», «Toimart», «Столичный», «Юбилейный» және басқа да сауда желілерінде қолданылады.
Бұдан бөлек, 2027 жылдың сәуір айының соңына дейін «Magnum» дүкендерінде картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат бекітілген бағамен сатылады.
Ал қарақұмық, күріш, макарон өнімдері, күнбағыс майы, сары май, сүт, айран, сиыр еті, тауық еті, ұн және тұздың бағасы 2027 жылдың маусымына дейін тұрақты деңгейде ұсталады.
Алматыда ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері қайда өтеді?
Қала тұрғындары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін демалыс күндері ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінен де сатып ала алады. Онда өнімдер нарықтағы бағадан төмен ұсынылады.
Жәрмеңкелер Алматының алты ауданында өтеді:
- Алмалы ауданы: Масанчи көшесі, Әйтеке би және Гоголь көшелерінің аралығы;
- Әуезов ауданы: Рысқұлбеков көшесі, 33/2;
- Бостандық ауданы: Қазақфильм шағынауданы;
- Жетісу ауданы: Құлагер шағынауданы;
- Медеу ауданы: Меңдіқұлов және Бектұров көшелерінің қиылысы;
- Түрксіб ауданы: Рысқұлов және Айтықов көшелерінің қиылысы.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы, сауда орындары мен жәрмеңкелер туралы толық ақпаратты almatyazyk.kz сайтынан алуға болады.
Келесі материал: Си Цзиньпин АТЭС аясындағы ынтымақтастықты мақал-мәтелдер арқылы қалай түсіндіреді?
