Алматы халықаралық әуежайында аэродром инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ірі жобалардың бірі – Оңтүстік перронды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталу кезеңіне шықты, деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы халықаралық әуежайына сілтеме жасап.
Жоба әуежайдың ұшу қауіпсіздігін арттыруға, пайдалану тиімділігін жақсартуға және халықаралық стандарттарға сай заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған.
Қайта жаңғырту барысында қолданыстағы перрон жабыны толықтай ауыстырылды. Мамандардың айтуынша, бұрынғы жабын қазіргі пайдалану талаптарына сәйкес келмейтін деңгейге жеткен. Жаңа Оңтүстік перрон халықаралық жобалау стандарттары мен әлемдік тәжірибеге сүйене отырып салынған.
Жоба аясында жалпы аумағы 56 мың шаршы метрді құрайтын жаңа бетон жабыны төселді. Сонымен қатар жабынның беріктігі айтарлықтай күшейтілген. Егер бұрын оның қалыңдығы 60 сантиметр болса, енді 1,85 метрге дейін жеткізілді. Оның ішінде жоғары беріктікті 45 сантиметрлік бетон қабаты қарастырылған.
Бұл өзгерістер ауыр салмақты әуе кемелерін қауіпсіз қабылдауға және инфрақұрылымның ұзақ мерзімді сенімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жоба толық аяқталғаннан кейін Оңтүстік перрон бір уақытта Code E санатындағы үш ірі әуе кемесін, атап айтқанда Boeing 777, Airbus A340 және Boeing 747 ұшақтарын қабылдай алады. Сонымен қатар Code B және Code C санатындағы 12 ұшаққа дейін, оның ішінде Airbus A320, Boeing 737 және бизнес-джеттерді орналастыру мүмкіндігі қарастырылған.
Әуе кемелерін орналастырудың икемді схемасы перронның пайдалану тиімділігін арттырып, әуежайдың операциялық мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Құрылыс жұмыстары екі кезеңмен жүргізіліп жатыр. Бұл тәсіл қайта жаңғырту кезінде әуе кемелеріне арналған тұрақ орындарының үздіксіз қолжетімділігін сақтауға мүмкіндік береді.
Алматы халықаралық әуежайының мәліметінше, Оңтүстік перронды қайта жаңғырту әуежайдың ұзақ мерзімді даму бағдарламасының маңызды бөлігі саналады. Жоба аэродром инфрақұрылымының сенімділігін күшейтіп, халықаралық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге және әуежайдың алдағы даму мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
