Бүгін, 10 тамызда Қазақстанда ұлы ақын, ойшыл, ағартушы әрі композитор Абай Құнанбайұлының туған күні аталып өтуде. Биыл қазақтың бас ақынының дүниеге келгеніне 181 жыл толды. Абайдың рухани мұрасы Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елінде кеңінен насихатталып келеді.
Абай Құнанбайұлының есімі қазақ әдебиеті мен мәдениетінде ғана емес, жалпы адамзаттың рухани ой-санасында өзіндік орны бар тұлға ретінде қалыптасты. Оның шығармаларында білім мен ғылым, еңбек, әділет, адамгершілік және өзін-өзі жетілдіру сияқты құндылықтар кеңінен көрініс тапқан.
Ақынның өлеңдері мен қара сөздері ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, бүгінде әдебиет пен музыкада, театр мен музей ісінде, білім беру саласында кеңінен дәріптеліп келеді.
Абай есімі Қазақстанда қалай ұлықталған?
Абайға деген құрмет оның есімі берілген елді мекендерден, көшелерден, мәдени және білім беру ұйымдарынан анық көрінеді.
Бүгінде Қазақстанда 33 елді мекен Абай есімімен аталады. Сонымен қатар еліміздің әр өңірінде Абай атындағы 1231 көше, даңғыл және өзге де нысан, сондай-ақ 125 мекеме бар.
Ақынның есімі ірі мәдениет және білім беру ұйымдарына да берілген. Олардың қатарында Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры, Семейдегі Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры, Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхана және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті бар.
Алматыдағы Абай ұлттық мектебінде оқу-тәрбие жұмысына «Толық адам» ілімі арқау болған.

Қазақстандағы Абай ескерткіштері
Ұлы ойшылдың есімі ескерткіштер мен мүсіндер арқылы да ұлықталған.
Қазақстанда Абайға арналған 55 нысан бар. Оның 27-сі – ескерткіш, 28-і – бюст. Олар еліміздің барлық дерлік өңірінде орналасқан.
Алматыдағы Абай ескерткіші 1961 жылы орнатылған. Ол республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген. Бұдан бөлек, оннан астам Абай нысаны жергілікті маңызы бар ескерткіштер санатына жатады.

Абай есімі әлемде де кеңінен танылған
Абайдың туған күні қарсаңында ақын мұрасының Қазақстан шекарасынан тыс жерлерде де дәріптеліп келе жатқанын атап өткен жөн.
Бүгінде әлемнің 20-дан астам мемлекетінде Абайға арналған ескерткіштер, бюсттер мен өзге де нысандар бар. Олардың қатарында Ресей, Германия, Франция, Италия, Қытай, Оңтүстік Корея, Үндістан, Бразилия және Орталық Азия елдері бар.
Мәселен, Рио-де-Жанейродағы Абай бюсті Солтүстік және Оңтүстік Америка құрлығындағы ойшылға арналған алғашқы нысан саналады.
Абай есімі шетел қалаларындағы көшелер мен қоғамдық кеңістіктерге де берілген. Кемінде тоғыз қалада ақын атындағы көшелер бар. Қырыққале мен Ыстанбұлда Абай есімі даңғылдар мен алаңдарға, ал Ереван мен Түркияның бірнеше қаласында саябақтарға берілген.

Абай мұрасы мәдени орталықтар арқылы дәріптелуде
Ақын шығармашылығын шетелде танытатын мәдени-ағартушылық орталықтар да жұмыс істейді.
2025 жылы Ош қаласында Абай музейі ашылып, бір көшеге ақынның есімі берілді. Қазанда Абай атындағы Қазақ тілі мен мәдениетінің ғылыми-білім беру орталығы, Бішкекте Абай атындағы Қырғыз-қазақ мәдени орталығы, ал Түркияның Конья қаласында Абай үйі ашылған.
Бұл нысандар Абай шығармашылығын шетелдік аудиторияға танытып, Қазақстанның мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға мүмкіндік береді.

Бейжіңде Абай күні аталып өтті
Абайдың туған күніне орай шетелде де түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – Қытай астанасы Бейжіңде өткен «Абай – ұлы тұлға» атты дөңгелек үстел.
Іс-шара Бейжіңдегі Қазақстанның мәдени орталығында өтті. Оны Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі және «Цзиньтай» музейімен бірлесіп ұйымдастырды.
Жиынға екі елдің дипломаттары, ғалымдары, жазушылары, аудармашылары мен мәдениет қайраткерлері қатысты.
Қатысушылар Абайдың шығармашылық және зияткерлік мұрасының маңызын, оның қазіргі мәдениетке ықпалын және қазақ-қытай гуманитарлық байланыстарын дамытудағы рөлін талқылады.
Абай мен Конфуций мұрасының үндестігі
Дөңгелек үстелде Абайдың философиялық ойлары, адамның адамгершілік және зияткерлік тұрғыдан жетілуі туралы көзқарастары және «Толық адам» ілімі сөз болды.
Сонымен қатар қатысушылар Абай мен Конфуций мұрасының өзара үндестігіне назар аударды.
Екі ойшылдың еңбектеріндегі білім, адамгершілік, өзін-өзі жетілдіру және қоғам алдындағы жауапкершілік идеялары Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени диалог тұрғысынан талқыланды.
Іс-шара барысында Бейжіңдегі Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі де өтті.

Бейжіңдегі «Абай оқулары» дәстүрге айналды
Қытайда Абай мұрасын дәріптеудің тағы бір маңызды бағыты – Бейжіңде тұрақты түрде ұйымдастырылатын «Абай оқулары».
Шара барысында ақынның шығармалары қазақ және қытай тілдерінде оқылып, Абайдың әндері орындалады. Оған дипломаттармен қатар, ғалымдар, студенттер, оқушылар, шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысып келеді.
Қытайлық зерттеушілер мен қаламгерлер де Абай шығармашылығын зерттеп, оның туындыларын қытай тіліне аударуда.
Осылайша Абайдың туған күні Қазақстандағы ұлттық мерекелік күн ғана емес, қазақ мәдениеті мен әдебиетін әлемге танытатын маңызды рухани датаға айналып отыр.
Бүгінде еліміздің барлық өңірінде Абай күніне арналған концерттер, әдеби-сазды және поэзия кештері, көрмелер мен танымдық жобалар ұйымдастырылуда. Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс орталықтарында ұлы ойшылдың ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды.
Абайдың туғанына 181 жыл толған биылғы мерейтой – оның шығармалары мен философиялық ойларының уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтпай, жаңа ұрпаққа және әлем оқырмандарына жол тауып келе жатқанының тағы бір дәлелі.
