23 қарашада Моңғолияның «Шыңғыс хан» ұлттық музейінде «Моңғол әлемі: Ильхан мемлекеті және парсы өнері» атты халықаралық көрме ашылды. Экспозиция Моңғол империясының әлемдік мәдениет, өнер және ғылымның дамуына қосқан үлесіне арналған деп жазады, SteppeNews.kz montsame.mn сайтына сілтеме жасап.
Жоба Италияның Турин қаласындағы Шығыс өнері музейімен бірлесіп жүзеге асырылды. Көрмеде аталған музей қорындағы жәдігерлер алғаш рет Азия құрлығында көпшілік назарына ұсынылды. Экспозицияны дайындау жұмыстарына Ұлттық музей директоры, академик Сампилдондавын Чулуун жетекшілік етті.
Көрменің ашылу салтанатында музей директорының орынбасары, доктор Д.Эрдмаа Моңғол империясының Еуразия халықтары арасындағы сауда мен мәдени алмасудың дамуына ықпал еткенін атап өтті. Оның айтуынша, моңғол билеушілерінің ислам әлемінің өнеріне де өзіндік әсері болған.
Турин музейінің директоры әрі көрме кураторы Давиде Куадрио екі музей арасындағы ынтымақтастық бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқанын айтты. Серіктестіктің маңызды кезеңдерінің бірі – осыдан бір жыл бұрын Италияда моңғол шебері Өндөр гэгээн Занабазардың «Жасыл Тара» мүсінінің таныстырылуы.

Жаңа көрме Ильхан мемлекетінің Таяу Шығыс халықтарының күнделікті өміріне, материалдық мәдениеті мен өнеріне тигізген ықпалын көрсетуге бағытталған. Экспонаттарды іріктеуге италиялық және моңғолиялық мамандар бірлесіп қатысты.
Ұлттық музейдің аға ғылыми қызметкері әрі кураторы Б.Батбаатар қазіргі зерттеушілер Моңғол империясының тарихын тек жаулап алу кезеңі тұрғысынан ғана емес, мәдениет пен ғылымның дамуымен байланыстыра қарастыратынын жеткізді. Оның айтуынша, моңғол билеушілерінің қолдауымен астрономияны қоса алғанда, ғылым мен өнердің түрлі салалары дамыған.
Көрмеге Италиядан Моңғолияға барлығы 13 жәдігер жеткізілді. Олардың қатарында фарфор және керамика бұйымдары, сондай-ақ Ильхан мемлекеті дәуіріндегі сәндік-қолданбалы өнер туындылары бар.
Экспозициядағы ерекше жәдігерлердің бірі – адамдар, моңғол ақсүйек әйелдері мен табиғат көріністері бейнеленген фарфор тостаған. Бұл бұйым сол кезеңдегі көркемдік ерекшеліктерді танытады.

Сондай-ақ қораздың басы пішінінде жасалған құмыра да келушілердің назарын аударады. Исламдық символикада қораз таңның атуын, жарықтың қараңғылықты жеңуін және зұлымдықтан қорғауды білдіреді.
Халықаралық көрме келушілерге Ильхан мемлекетінің тарихымен және моңғолдардың Еуразияның мәдени мұрасына қосқан үлесімен танысуға мүмкіндік береді. Экспозиция 20 желтоқсанға дейін ашық болады.
Келесі материал: Астанада «Temps lié» халықаралық хореография фестивалі өтті
