Түркияның Ыстанбұл қаласындағы әйгілі Айя-София мешітінің астынан алты жерасты бөлмесі мен тоғыз ежелгі туннель табылды. Қалпына келтіру жұмыстары кезінде анықталған өткелдердің жалпы ұзындығы шамамен 420 метрге жетеді. Бұл туралы Anadolu агенттігі хабарлады, деп жазады SteppeNews.kz.
Мамандардың мәліметінше, табылған жерасты нысандарының кейбірі Рим дәуірінен сақталған болуы мүмкін. Зерттеушілер олар ежелгі Ыстанбұлдың сумен жабдықтау жүйесінде маңызды рөл атқарған деп болжайды.
Табылған нысандардың ішінде Базилика цистернасына қарай бағытталған туннель ерекше назар аударған. Оның ішінен әлі күнге дейін су ағып жатқаны анықталған. Алайда судың нақты қайдан келіп жатқаны әзірге белгісіз.
Профессор Ахмет Гүлечтің пікірінше, су жер астындағы табиғи бұлақтардан немесе ежелгі акведуктер жүйесінен келуі мүмкін.
Айя-Софиядағы қалпына келтіру жұмыстары шамамен екі жылдан бері жалғасып келеді. Осы уақыт ішінде мамандар үш мың тоннаға жуық топырақ пен құрылыс қалдықтарын шығарған. Зерттелген өткелдердің ең ұзыны 200 метрден асады.
Алдағы уақытта анықталған жерасты нысандарын туристерге көрсету мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Дегенмен оларды көпшілікке ашу туралы әзірге нақты шешім жоқ. Алдымен мамандар туннельдердің қауіпсіздігін тексеріп, құрылымдарын нығайтуы қажет.
Айта кетейік, Айя-София – Ыстанбұлдағы әлемге әйгілі тарихи сәулет ескерткіштерінің бірі. Ол Византия императоры Юстиниан I тұсында 532–537 жылдары христиан шіркеуі ретінде салынған. 1453 жылы Осман империясы қаланы жаулап алғаннан кейін мешітке айналдырылды. 1935 жылы музей ретінде ашылып, 2020 жылы қайтадан мешіт мәртебесін алды.
Бүгінде Айя-София Ыстанбұлдың тарихи аймақтарымен бірге ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген.
Келесі материал: Бұзылған үйдің астындағы жер кімге тиесілі және оның құны қанша?
Посмотреть эту публикацию в Instagram
