Қазақстанда америкалық Kent State University университетінің филиалын ашу жоспарланып отыр. Бұл мәселе ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасованың университет делегациясымен кездесуінде талқыланды. Делегацияны оқу орнының атқарушы вице-президенті әрі проректоры Мелоди Танкерсли басқарды деп жазады, SteppeNews.kz.
Кездесу барысында тараптар авиациялық білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін қарастырып, университет филиалын Қазақстанда ашу жөнінде келісімге келді.
Kent State University – авиация саласына қажетті мамандар даярлау тәжірибесі бар АҚШ-тың мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірі. Университеттің авиациялық білім беру бағдарламалары халықаралық аккредиттеуден өткен. Сонымен қатар оқу орнының жеке әуежайы мен оқу-жаттығу ұшақтары бар.

Қазақстанда ашылуы мүмкін жаңа білім беру орталығы тек ел ішіндегі еңбек нарығына ғана емес, тұтас Орталық Азия өңіріне қажетті мамандарды даярлауға бағытталмақ. Атап айтқанда, ұшқыштар, инженерлік-техникалық қызметкерлер және әуе қозғалысын басқару диспетчерлері оқытылады.
Көлік министрі Әсел Жанасова авиация саласына білікті кадрлар даярлау және халықаралық білім беру стандарттарын енгізу Қазақстанды өңірдегі жетекші авиациялық хабқа айналдыру үшін маңызды екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысында тараптар бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыруға қызығушылық білдіріп, бастаманы егжей-тегжейлі пысықтау жұмыстарын сарапшылық деңгейде жалғастыруға келісті.
Келесі материал: Тәжікстан мен Toloka жасанды интеллект зертханасын ашу мүмкіндігін қарастырып жатыр
