Қазақстан мен Мальдив аралдары екі ел арасындағы тұрақты әуе рейстерінің санын аптасына 7-ден 14-ке дейін көбейтуге келісті. Бұл келісім қазақстандық туристер үшін танымал бағыттардың біріндегі әуе қатынасын кеңейтуге мүмкіндік береді, деп жазады SteppeNews.kz.
18 қарашада Канаданың Монреаль қаласында Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Әуе көлігі жөніндегі жетінші дүниежүзілік конференциясы аясында екі елдің авиация өкілдері кездесті.
Келіссөзге Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева мен Мальдив Республикасы Азаматтық авиация басқармасының төрағасы Абдул Харис қатысты.

Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайту, әуе қатынасын дамыту және туристік байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады.
Келіссөз нәтижесінде әр тарап тағайындаған әуе тасымалдаушылары орындайтын тұрақты рейстер санын аптасына 7-ден 14-ке дейін арттыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сонымен қатар тараптар әуе еркіндігінің бесінші дәрежесі аясында ұшуды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырды. Бұл құқық әуе компанияларына халықаралық бағыттарда қосымша коммерциялық мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашады.
Мальдив аралдары қазақстандықтар арасында сұранысқа ие туристік бағыттардың бірі саналады. Сондықтан рейстер санын арттыру екі ел арасындағы туристік және көлік байланыстарын дамытуға ықпал етуі мүмкін.
Кездесу соңында тараптар азаматтық авиация саласындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады.
Келесі материал: Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу қойылуы мүмкін
