2026 жылғы 27 қарашадан бастап Қазақстанда кәмелетке толмағандарды халықаралық және қалааралық автобус бағыттарында тасымалдау талаптары өзгереді. Жаңа ережелер жолаушылардың жасына, ересектердің еріп жүруінсіз сапарға шығу шарттарына және ата-ананың рұқсатын рәсімдеу тәртібіне қатысты. Бұл туралы Kazinform агенттігі хабарлады деп жазады, SteppeNews.kz.
Тиісті өзгерістер Қазақстан Республикасы Көлік министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 10 қарашадағы бұйрығымен бекітілген.
Жаңа талаптарға сәйкес, 16 жасқа толмаған балалар халықаралық және облысаралық қалааралық автобус бағыттарында ата-анасымен немесе заңды өкілімен бірге жүре алады.
Сонымен қатар 7 мен 16 жас аралығындағы балаларға өз бетінше сапарға шығуға мүмкіндік беріледі. Ол үшін ата-анасының біреуінің немесе заңды өкілінің жазбаша рұқсаты қажет. Құжат нотариалды түрде куәландырылып, түпнұсқасы ұсынылуы тиіс. Сондай-ақ келісімнің электрондық нұсқасын цифрлық құжаттар сервисі арқылы көрсетуге болады.
Автобусқа отырғызу кезінде ересектердің еріп жүруінсіз сапарға шығатын бала тиісті рұқсатты жүргізушіге немесе көлік компаниясының өкіліне көрсетуі керек. Құжатты қағаз түрінде де, цифрлық құжаттар сервисі арқылы электронды форматта да ұсынуға рұқсат етіледі.
Алайда кәмелетке толмағандардың өз бетінше сапарға шығуына уақыт бойынша шектеу қойылады. Тасымалдаушылар сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін жолға шығатын рейстерге ересектердің еріп жүруінсіз балаларды қабылдай алмайды. Бұл талап Қазақстанның бала құқықтары туралы заңнамасында қарастырылған.
16 жастан асқан жолаушыларға да жеке талаптар белгіленген. Олар халықаралық және облысаралық қалааралық автобус бағыттарында өз бетінше жүре алады. Алайда түнгі уақытта, яғни сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін жолға шығатын рейстерге қатысты шектеулер сақталады.
Автобустарға маршрут нөмірі жазылған жаңа белгілер қойылады
Өзгерістер тұрақты қалалық және қала маңындағы бағыттарда қатынайтын автобустар мен шағын автобустарды безендіру талаптарына да қатысты.
Енді көлік құралдарының алдыңғы және артқы жағына маршрут нөмірі көрсетілген арнайы белгілер орнатылуы керек.
Маршрут нөмірін рәсімдеуге де нақты талаптар қойылған. Ол ашық сары түсті фонда қара түспен жазылып, қаріптің биіктігі кемінде 120 миллиметр болуы тиіс.
Экспресс бағыттарда қатынайтын автобустарға қосымша белгі қойылады. Маршрут нөмірінің астына қызыл түспен «Экспресс» деген жазу орналастырылуы қажет. Бұл жазудағы әріптердің биіктігі кемінде 60 миллиметр болуы керек.
Жаңа талаптар 2026 жылғы 27 қарашадан бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның Көлік министрлігі автобустарда балалар арбасын алып жүруге тыйым салынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарып, оларды тасымалдау тәртібіне түсініктеме берген.
Келесі материал: Кореялық компания Сеулде Kazakh Tourism өкілдігін ашпақ
