15 қарашада Алматыда «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының жүгіру маусымын қорытындылаған City Run жарысы өтті. Биылғы сайысқа 25 елден 2 500 жүгіруші қатысты. Олардың арасында Жаңа Зеландия, Бразилия және Филиппиннен келген спортшылар да бар. Шетелдік қатысушылар Алматыдағы жүгіру жарыстарының ерекшелігі мен қала туралы әсерлерін бөлісті деп жазады, SteppeNews.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Калифорниялық Джереми Тейл City Run жарысына қатысу үшін демалысын арнайы осы уақытқа жоспарлаған. «Талайдан бері Almaty Marathon жарысына қатысқым келеді, сондықтан сайттағы жарыстар күнтізбесін үнемі қадағалап отырамын. Сапарымды жоспарлап жүргенде, дәл осы күндері 10 шақырымдық жарыс өтетінін көріп, бірден тіркелдім», – деп еске алды ол. Джереми үшін саяхат пен жүгіруді ұштастыру үйреншікті іс. Бұған дейін ол Грекияда да осылай жарысқа қатысқан.
City Run оған АҚШ-та Алғыс айту күні қарсаңында өтетін, қатысушылары түрлі костюм киіп жүгіретін Turkey Trots жарыстарын еске түсірді. Джереми Алматыға алғаш рет 2022 жылы келген. Содан бері қалаға қайта оралуды армандап жүрген. «Мұнда өзімді үйдегідей сезінемін. Кейде тіпті Алматыны Денверге ұқсатамын, тек мұндағы таулар әлдеқайда әдемі деп әзілдеймін», – деді ол. Ендігі мақсаты – Almaty Marathon жарысына қатысу.
Джереми алдағы уақытта Almaty Marathon жарысына қатысуды мақсат етіп отыр.
Шетелдік жүгірушілердің Алматы жарыстарына қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Биыл қор ұйымдастырған төрт ірі жарысқа шетелден 3 000-ға жуық адам қатысқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға көп. Ал Almaty Marathon жарысына өзге елдерден 1 534 жүгіруші келіп, қатысушылар саны бойынша рекорд жаңарған.
Шетелдік спортшылардың келуі қаланың спорттық туризм саласына да әсер етіп отыр. Зерттеу деректеріне сәйкес, басқа қалалар мен шетелден келген жүгірушілер жалпы қатысушылардың бестен бір бөлігін құрағанымен, жарысқа байланысты шығындардың төрттен үшіне жуық үлесін қамтамасыз еткен.
2026 жылы қор ұйымдастырған Алматыдағы жүгіру жарыстарының қала экономикасына қосқан үлесі 20,63 млрд теңгені құраған. Ал бюджетке түскен салық түсімі 3,67 млрд теңгеге жеткен. Зерттеу нәтижесі бойынша, шетелдік қатысушылардың 87%-ы Алматыға қайта келуді жоспарлап отыр.
«Шетелден келетін жүгірушілер саны жыл сайын артып келеді. Олардың көбі бізге қайта оралады. Шетелдік жүгірушілерді Алматының әсем тау көріністері, жарыстардың ерекше атмосферасы мен қала тұрғындарының қонақжайлығы қызықтырады. Кейін Алматы туралы достарына айтып береді. Осылайша жүгіру спорты қаламызды әлемге танытып жатыр», – деді қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов.
Біреулер үшін жүгіру жарысы Алматыға келуге себеп болса, енді біреулер үшін жаңа қалаға бейімделудің жолына айналған. Жақында Алматыға көшіп келген италиялық Мария Джампетруцци бірден бірнеше жүгіру клубына қосылған. «Бұл маған жаңа достар табуға көп көмектесті», – деді ол.
Бұған дейін Мария тек Лондонда жүгіргендіктен, Алматыдағы жарыстан үлкен әсер «City Run мені шынымен таңғалдырды: таңертең ерте жиналған адамның көптігі мен айналадағы ерекше энергия бірден байқалады! Көпшілік түрлі костюм киіп келіпті, бәрі бір-бірімен араласып, өзара қолдау көрсетіп жатты», — деді ол. Биіктік айырмасы бар бағытпен жүгіру Марияға оңай болмағанымен, жол бойындағы көріністер соған әбден татиды: «Айналаңды тау қоршаған кең көшелермен жүгіру — ерекше әдемі әсер». Екі жыл бұрын ол Қазақстандағы жарыстардың біріне тіркелгенімен, сол кезде келе алмаған екен. «Бір кезде ойға алған жоспарымды ақыры жүзеге асырғандаймын», — дейді Мария.
Ал Испанияның Бильбао қаласы маңындағы Лейоа қаласынан келген Эдгар Карранса Брисуэла Алматыға тұрып, жұмыс істеу үшін көшіп келген. Ол қай жерде жүрсе де жүгіруді әдетке айналдырғандықтан, қаладағы спорттық шараларды да іздей бастаған.
Ақпан айында Winter Run жарысына қатысқан Эдгар кейін Instagram желісінен Almaty Marathon парақшасын тауып, ұйымдастырушылардың жаңалықтарын бақылап жүрген. Қыркүйек айындағы марафон оның демалысымен тұспа-тұс келмегендіктен, жарысқа қатыса алмаған. Ал City Run сайысын жіберіп алмауға тырысқан.
Эдгар Алматының жүгіру мәдениетін өзі тұратын Бильбаодағы дәстүрлермен салыстырады. Бильбаода жарыстан кейін достармен бірге пинчос пен тапас жеуге бару қалыптасқан дәстүр екен. «Ал Алматыда бәрі көңілді әрі өзгеше өтеді: көпшілік костюм киіп жүгіріп, видео түсіріп, әлеуметтік желіге суретке түседі. Адамдар үшін бұл жай ғана жарыс емес, көңілді уақыт өткізуге де жақсы мүмкіндік екені байқалады», — дейді ол. Эдгарға Алматының таулары, жасыл желегі мен тұрғындарының ақжарқындығы ұнаған. City Run бағытында тек алғашқы өрге көтерілу қиындау болған. «Қалған бөлігінде жүгірудің өзі бір ғанибет болды», – деді ол.
Желтоқсан айының соңында Эдгар Қазақстаннан кетеді. Әзірге қайта оралар-оралмасын білмейді. Дегенмен мұндай мүмкіндікті жоққа шығармайды. «Неге қайтып келмеске?» – дейді ол.
Айта кетейік, қор ұйымдастыратын жарыстар Қазақстанда халықаралық марафондар мен жүгіру жарыстары қауымдастығының (AIMS) күнтізбесіне енген жалғыз жарыстар болып қала береді. Сонымен қатар Almaty Marathon мен Turkistan Marathon Turkic Alliance of Long Runs (TAN) сериясына кіреді.
City Run жарысы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.
Келесі материал: Астаналық оқушылар 7 мың пластик қақпақты кәдеге жаратып, мозаика жасады
