Астанадағы №81 Astana English School мектебінің оқушылары «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында «Eco Impact» жобасын жүзеге асырды. Бастама оқушы Болат Айғанымның жетекшілігімен ұйымдастырылып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қалдықтарды қайта өңдеудің маңызын түсіндіруге бағытталған. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады деп жазады, SteppeNews.kz.
Жоба аясында мектепте пластикалық қақпақтарды жинау акциясы өтті. Оған 0-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушылар мен олардың ата-аналары қатысты. Нәтижесінде жеті мыңға жуық пластик қақпақ жиналды.
Жиналған материалдардан мектеп аумағында үлкен экологиялық мозаика жасалды. Осылайша, оқушылар пайдаланылған пластик бұйымдарға екінші өмір беріп, оларды шығармашылық жұмысқа айналдырды.
Жобаның басты ерекшелігі – әртүрлі жастағы оқушыларды ортақ мақсатқа біріктіруі. Бірлескен жұмыс барысында балалар командалық әрекет, пікір алмасу, бірін-бірі тыңдау және көшбасшылық дағдыларын дамытуға мүмкіндік алды. Бастаманы мектеп оқушыларының ата-аналары да қолдады.
Сонымен қатар жоба аясында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасындағы жауапкершілік, еңбекқорлық, жаңашылдық және әділеттілік құндылықтары насихатталды.
Жоба жетекшісі Болат Айғаным бастаманың тұжырымдамасын әзірлеп, пластик қақпақтарды жинау акциясын ұйымдастыруға, еріктілердің жұмысын үйлестіруге және мозаиканы жасауға жетекшілік етті.
«Eco Impact» жобасы қоршаған ортаны қорғауда әр адамның үлесі маңызды екенін көрсетеді. Бастама оқушыларды табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға және қалдықтарды қайта пайдалануға шақырады.
Келесі материал: Алматы әкімі халықаралық жарыстардың жүлдегерлерін марапаттады
