Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін көлік жуу орындарына бақылау күшейтілді. Алматыда жүргізілген тексеріс нәтижесінде жеті нысан сумен жабдықтау жүйесінен ажыратылды, деп жазады SteppeNews.kz NUR.KZ — ке сілтеме жасап.
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Алматы Су» кәсіпорны су тұтыну тәртібіне бақылауды күшейткен. Мәселен, Әуезов ауданындағы барлық 60 көлік жуу орны тексерілген.
Тексеру қорытындысы бойынша нысандардың 90 пайызы суды айналымға жіберу жүйесін қолданатыны анықталды. Мұндай жабдық суды тазартып, қайта пайдалануға мүмкіндік береді. Ал қалған жеті көлік жуу орнында қажетті жүйе болмағандықтан, олар сумен жабдықтау желісінен ажыратылған.
Су беруді қайта қосу үшін кәсіпкерлер тиісті жабдықты орнатып, оның жұмысын тексертуі қажет. Алматының өзге аудандарында да тексеру жұмыстары жалғасады. Әсіресе, су желілеріне заңсыз қосылған нысандарға ерекше назар аударылмақ.
Еске салайық, Қазақстан халқына Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі су ресурстары тапшылығы мәселесін көтерген болатын. Президент көлік жуу орындарында ауызсуды пайдалануды тоқтатуды тапсырды.
Осыдан кейін Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Салимов көлік жуу орындарында суды пайдалану тәртібіне бақылауды күшейту жоспарланып отырғанын мәлімдеген еді.
Келесі материал: Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры «ALMATY THEATRE FESTIVAL» фестиваліне «Ортеке» спектаклімен қатысады
