33-ші Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) ұйымына мүше экономикалар басшыларының бейресми кездесуі 18–19 қарашада Шэньчжэнь қаласында өтеді. ҚХР төрағасы Си Цзиньпин жиынға төрағалық етіп, сөз сөйлейді. Оның АТЭС аясындағы бұған дейінгі баяндамаларына назар аударсақ, Қытай басшысы қабылдаушы елдердің мақал-мәтелдерін жиі дәйексөз ретінде келтіріп, сол арқылы Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ынтымақтастық жөніндегі көзқарасын жеткізгенін байқауға болады.
Мақал-мәтелдерде белгілі бір халықтың өмірлік тәжірибесі мен даналығы, дүниетанымы мен тұрмысқа деген көзқарасы көрініс табады. Тай халқының тұқым мен жеміс туралы теңеуі, Жаңа Зеландия маорилерінің күн мен көлеңке жайындағы нақылдары, перуліктердің кеме мен желкен туралы пайымдары… Әртүрлі мәдениеттен бастау алған осындай сөз орамдары Си Цзиньпиннің мазмұнды баяндамалары арқылы Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ынтымақтастықты түсінудің өзіндік тәсіліне айналды.
Ынтымақтастықтың дәнін сеуіп, даму жемісін бірге жинау
2022 жылы Таиланд астанасы Бангкокте өткен АТЭС-ке мүше экономикалар басшыларының бейресми кездесуінде Си Цзиньпин тай халқының «Не ексең, соны орасың» деген мақалына сүйеніп, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ынтымақтастықтың болашағына қатысты пікір білдірді.
Ол елдер Путраджая пайымының дәнін бірге сепкенін айтып, оны күтіп-баптап, ортақ күш-жігермен өсіру қажеттігін атап өтті. Сонда ғана Азия-Тынық мұхиты аймағының бірлескен дамуын бейнелейтін өркендеу гүлін өсіруге болады.
Тұқымның өніп шығуы үшін уақыт қажет. Сол сияқты ынтымақтастық та үздіксіз күш-жігерді талап етеді. Бұл теңеу жергілікті халықтың мәдениетіне жақын болуымен қатар, Азия-Тынық мұхиты аймағының ортақ дамуы жөніндегі ұстанымды түсінікті әрі нақты жеткізуге мүмкіндік береді.
2024 жылы Перудің Лима қаласында Си Цзиньпин Латын Америкасында кең тараған «Бүкіл әлемге пайда әкелсең ғана, өз еліңе де пайда әкеле аласың» деген нақылды келтірді. Оны ежелгі қытайдың «Өзің биікке ұмтылсаң, өзгелерге де сол деңгейге жетуге көмектес; өзің мақсатқа жеткің келсе, басқалардың да мақсатына жетуіне жәрдемдес» деген даналығымен сабақтастырды.
Бұл екі нақыл әртүрлі мәдениеттен шыққанымен, мағынасы бір-біріне жақын. Қабырға тұрғызып, кедергілер жасау немесе бір тараптың ұтысы екінші тараптың жеңілісі есебінен болатын тәсілді ұстану тиімсіз. Оның орнына өзара тиімділік пен ортақ дамуға негізделген ынтымақтастық қажет. Ашық әріптестік арқылы бірге жетістікке жеткенде ғана барлық тараптың даму мүмкіндіктері кеңейеді.

Бірге алға жылжығанда ғана кедергілерді еңсеруге болады
Азия-Тынық мұхиты аймағы – өзара тығыз байланысқан ортақ тағдыр қауымдастығы. Жел күшейіп, толқын биіктеген сайын қиындықтарды бірлесіп еңсерудің маңызы арта түседі.
2020 жылы COVID-19 пандемиясы бүкіл әлемге әсер еткен кезеңде Си Цзиньпин АТЭС-ке мүше экономикалар басшыларының бейресми кездесуінде малай халқының «Тау кездессе, бірге бағындыр, жыра кездессе, бірге өт» деген мақалына сүйенді. Осы арқылы ол Азия-Тынық мұхиты аймағындағы үлкен отбасының бірлігі мен ынтымақтастығының мәнін жеткізді.
Қарапайым ғана бұл сөздер өңір экономикаларының ортақ сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұру қажеттігін көрсетеді. Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар болсын немесе экономиканы қалпына келтіру кезіндегі қиындықтар болсын, барлық тарап тәуекелдер мен сын-қатерлерді бірге еңсеру үшін өзара іс-қимылды күшейтуі қажет.
2021 жылы Си Цзиньпин Жаңа Зеландия маорилерінің тағы екі нақылын дәйексөз ретінде келтірді: «Күнге қарасаң, көлеңке ақырында сейіледі» және «Жетістікке бір адамның күшімен жету мүмкін емес, ол ұжымдық еңбектің нәтижесі».
Күн мен көлеңке, жеке адам мен ұжым туралы осы екі бейнелі сөз Азия-Тынық мұхиты аймағының жарқын болашағына деген сенімді білдіреді. Сонымен қатар олар күш біріктіру арқылы қиындықтарды еңсеріп, өңірлік ынтымақтастықты бірге дамытуға болатынын аңғартады.
Желкенді көтеріп, елдерді жалғайтын теңізге қарай жүзу
2016 жылы Лима қаласында өткен АТЭС бизнес көшбасшыларының саммитінде Си Цзиньпин Латын Америкасындағы бірнеше мақал-мәтелді келтіріп, оларды ежелгі қытай нақылдарымен салыстырды.
Реформалар мен инновациялар туралы сөз қозғағанда ол «Ерік-жігердің жоқтығынан асқан қиындық жоқ» деген нақылды ежелгі қытайдың «Істе қиын да, оңай да нәрсе жоқ, ең бастысы – әрекет етуге батылдық таныту» деген сөзімен байланыстырды.
Ал даму нәтижелері туралы айтқанда «Халықтың үні – Тәңірдің үні» деген сөзді келтіріп, оны «Мемлекетті басқарудың өзгермейтін қағидалары бар, соның бастысы – халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету» деген қытай нақылымен сабақтастырды. Осы арқылы ол дамудың түпкі мақсаты халықтың тұрмыс сапасын жақсарту екенін түсіндірді.
Арада сегіз жыл өткен соң Перуге қайта барған Си Цзиньпин Латын Америкасындағы тағы бір нақылды келтірді: «Кеменің күші – желкенінде, адамның күші – жүрегінде».
Ол кезде «Чанкайдан Шанхайға» деген тіркес Перуде кеңінен танымал бола бастаған еді. Си Цзиньпин ашықтық пен өзара байланыстылық қағидаттарын ұстанған жағдайда Тынық мұхиты өркендеу мен өсімге бастайтын кең жолға айнала алатынын атап өтті.

Бір кеменің сапары туралы мысалдан Тынық мұхитының өзара байланысына дейінгі нақылдар ынтымақтастықтың ортақ қозғаушы күшке сүйенуі керектігін көрсетеді. Сонымен қатар олар Азия-Тынық мұхиты аймағындағы барлық тараптың ашық әріптестігі мен өзара байланысын нығайту арқылы өркендеген өңір қалыптастыруға болатынын бейнелейді.
Мақал-мәтелдер адамдарға күрделі ұғымдарды түсіндірмей-ақ, өмірлік шындықты жеткізе алатындығымен құнды. Жергілікті халықтардың нақылдарын ежелгі қытай даналықтарымен салыстыра отырып, Си Цзиньпин қабылдаушы елдердің мәдениетіне құрмет білдіріп қана қоймай, Қытай ұстанымдарын да көпшілікке түсінікті тілде жеткізеді.
Тынық мұхиты Азия-Тынық мұхиты аймағындағы үлкен отбасын біріктіріп, барлық тараптың жақсы өмірге деген ортақ үмітін тоғыстырады. Өңір ынтымақтастық пен даму жолындағы маңызды кезеңге қайта қадам басқан тұста әлемнің әр түкпірінен жеткен мақал-мәтелдер осы ортақ үміттерді түсінудің кілтіне айналып отыр.
АВтор Хуан Юйцинь
Келесі материал: Жабайы қаздар, батат, кеме, бәліш: Си Цзиньпин АТЭС аясындағы ынтымақтастықты метафоралар арқылы түсіндірді
