33-ші Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) ұйымына мүше экономикалар басшыларының бейресми кездесуі 18–19 қарашада Шэньчжэнь қаласында өтеді. ҚХР төрағасы Си Цзиньпин жиынға төрағалық етіп, сөз сөйлейді.
2013 жылдан бері Си Цзиньпин АТЭС-тің барлық кезекті кездесуіне қатысып, бірқатарында төрағалық етті. Ол өз сөздерінде әсерлі әрі түсінікті метафораларды қолдана отырып, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ынтымақтастықтың маңызын ашып, өңір елдерінің ортақ тағдыры мен болашағын қалыптастыру жөніндегі көзқарасын ұсынды.
Жабайы қаздар
2014 жылы Қытай екінші рет АТЭС саммитін қабылдап, Бейжіңдегі Яньци көлінің жағасында ұйымға мүше экономикалар басшыларының 22-ші бейресми кездесуін өткізді. Ашылу сөзінде Си Цзиньпин АТЭС-ке қатысушы 21 экономиканы жабайы қаздарға теңеді.
«Бүгін біз Яньци көлінің жағасына ынтымақтастықты нығайту, қанатымызды кеңге жайып, бірге самғау және Азия-Тынық мұхиты аймағының дамуында жаңа тарау ашу үшін жиналдық», – деді ол.
«Бір гүл көктем әкелмейді, жалғыз қаз топпен бірге ұша алмайды».
Сөзінің соңында Қытай басшысы АТЭС мүшелерінің бірлігін ерекше атап өтіп, барша елді Бейжіңдегі Яньци көлін жаңа бастау нүктесі ретінде қабылдап, әлемдік экономиканың дамуына жол көрсетуге және одан әрі биік мақсаттарға бірге ұмтылуға шақырды.
Жабайы қаздар жел мен жаңбырға қарамастан, бір бағытта ұшып, бір-біріне көмектесу арқылы ұзақ жолды еңсереді. Азия-Тынық мұхиты аймағының өркендеуі де экономикалардың өзара қолдауы мен үйлесімді ынтымақтастығына байланысты. АТЭС-ке мүше экономикалар бірнеше құрлықта орналасқан, даму деңгейі мен ерекшеліктері де әртүрлі. Алайда бұл олардың өзара байланысын тереңдетуге кедергі болмауы керек.
Си Цзиньпин АТЭС кездесулерінде өзара сенімге, ашықтыққа, ынтымақтастық пен ортақ пайдаға негізделген Азия-Тынық мұхиты әріптестігін қалыптастыру қажеттігін бірнеше рет көтерді.
«Ортақ мұраттар мен мақсаттарды бөлісетіндер – серіктестер. Ал айырмашылықтарды сақтай отырып, ортақ тұстарды іздейтіндер де – серіктестер».
АТЭС ұйымы құрылған күннен бастап ортақ дамуға ықпал ету мен халықтардың әл-ауқатын арттыру мақсатын ұстанып келеді. Ұйым елдер арасындағы ерекшеліктерді құрметтей отырып, өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға басымдық береді.
Әлем халқының шамамен 40 пайызы тұратын Азия-Тынық мұхиты аймағындағы экономикалар жаһандық жалпы ішкі өнімнің 60 пайыздан астамын және әлемдік сауданың шамамен 50 пайызын құрайды. 2025 жылы өңірдің жалпы ішкі өнімі 61,4 триллион АҚШ долларына жетсе, тауар экспорты мен импортының жиынтық көлемі 26 триллион доллардан асты. Осылайша, аймақ әлемдік экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналды.

Батат
2016 жылы Перудің Лима қаласында өткен АТЭС бизнес көшбасшылары саммитінде Си Цзиньпин Латын Америкасынан шыққан ауыл шаруашылығы дақылы – бататты мысалға келтірді. Бұл арқылы ол Қытайдың Азия-Тынық мұхиты аймағындағы орнын нығайтып, өңір елдерімен бірге дамуға деген ұстанымын жеткізді.
«Бататтың сабағы жан-жаққа таралғанымен, оның түйнегі әрдайым тамыры орналасқан жерде қалады. Сол сияқты Қытай қандай даму деңгейіне жетсе де, Азия-Тынық мұхиты аймағында тамыр жайып, оны дамытып, өңірге пайда әкелуді жалғастырады», – деді Си Цзиньпин.
Өсімдіктің тамыры мықты болса ғана, сабақтары жан-жаққа жайылып, өсе алады. 1991 жылы АТЭС ұйымына қосылғаннан бері Қытай сыртқы әлемге ашықтық саясатын жүйелі түрде дамытып, ұйымға мүше елдермен сауда, инвестиция, инновация және экологиялық жаңғыру бағыттарындағы ынтымақтастықты кеңейтіп келеді.
Қытай бүгінде АТЭС-ке мүше экономикалардың басым бөлігі үшін негізгі сауда серіктесі әрі экспорттық нарыққа айналды. Бұл Азия-Тынық мұхиты аймағындағы экономикалық тұрақтылық пен ұзақ мерзімді өсімге ықпал етіп отыр.
Әсіресе әлемдік экономикадағы белгісіздік күшейген қазіргі кезеңде Қытай ашық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған нақты қадамдары арқылы көршілес елдерге жаңа мүмкіндіктер ұсынып, өңірдің экономикалық дамуына болжамдылық пен тұрақтылық әкелуге ұмтылуда.
Кеме
2018 жылы Папуа – Жаңа Гвинея астанасы Порт-Морсбиде Си Цзиньпин және АТЭС-ке мүше экономикалардың өзге де басшылары Pacific Explorer круиздік кемесіне отырып, ұйымның бизнес көшбасшылары саммитіне қатысты.
«Азия-Тынық мұхиты аймағы су жолдары арқылы өзара байланысқан. Жаңа ғана кемеге көтеріліп, ұшы-қиыры жоқ теңізге көз салған сәтте ойыма қиындықтарды бір кемеде отырып бірге еңсеру туралы сөз оралды», – деді Қытай басшысы өз сөзінде.
Оның айтуынша, әлемдік экономикада жылдам өзгерістер болып, қауіп-қатерлер мен сын-қатерлер күшейген жағдайда елдердің бір кемеде отырғандай ортақ жауапкершілік танытып, даму мен ынтымақтастықты бірлесе жоспарлауы айрықша маңызды.
Қазір әлем соңғы жүз жылда болмаған ауқымды өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатыр. Өңірлік қақтығыстар жиілеп, жаһандануға қарсы көзқарастар күшейіп келеді. Осындай жағдайда Азия-Тынық мұхиты аймағында бейбіт, өркендеген әрі қолайлы ортаны қалай қалыптастыруға болады?
Си Цзиньпин бұл сұраққа Қытай ұсынған тәсіл – Азия-Тынық мұхиты аймағының ортақ тағдыр қауымдастығын құру идеясын алға тартты. АТЭС кездесулеріне қатысқан жылдары ол осы бастаманы жүзеге асыруға қатысты бірқатар маңызды ұсыныс айтып, жаһандық өзгерістер жағдайында өңір елдерінің ортақ болашағын қалыптастыру бағыттарын белгіледі.
Алдағы 33-ші бейресми кездесу ұйымға мүше экономикалардың күш-жігерін біріктіріп, Азия-Тынық мұхиты аймағының ортақ тағдыр қауымдастығын қалыптастыру жолындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін береді деп күтілуде.
Бәліш
2024 жылы Перудің Лима қаласында өткен АТЭС-тің 31-ші бейресми кездесуінде Си Цзиньпин экономикалық және техникалық ынтымақтастықты нығайту, дамушы экономикалар мен әлеуметтік осал топтарға қолдауды арттыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар ол экономикалық дамудың ортақ «бәлішін» үлкейтіп қана қоймай, оның нәтижесін әділ бөлісу маңызды екенін атап өтті. Сонда экономикалар мен халықтың басым бөлігі даму игілігін көре алады.
АТЭС кездесулерінде Қытай басшысы «бәліш» бейнесін бірнеше рет қолданып, елдерді күш біріктіруге, нақты нәтижеге бағытталған ынтымақтастыққа және оның игілігі баршаға ортақ болатын инклюзивті даму қағидатын ұстануға шақырды.
Экономикалық өсімді арттырумен қатар, оның нәтижесін әділ бөлу де маңызды. Өндіріс факторларымен қамтамасыз етілуіндегі ерекшеліктерге сүйене отырып, Азия-Тынық мұхиты аймағы елдері өзара тығыз байланысты өнеркәсіптік құрылым мен еңбек бөлінісі жүйесін қалыптастырды. Мұнда бір елдің өндірісі екінші елдің ресурстары мен мүмкіндіктеріне тәуелді.
Соңғы жылдары АТЭС дамушы экономикалар мен әлеуметтік осал топтарды қолдауды күшейтіп, экономикалық өсімнің нәтижесін көбірек елге қолжетімді етуге күш салып келеді. Мәселен, Қытайдың Азия-Тынық мұхиты аймағында құрып жатқан өнеркәсіптік парктері мен жаңартылатын энергия көздеріне қатысты жобалары жергілікті жерлерде жұмыс орындарын ашуға, өндірісті жаңғыртуға және қытайлық кәсіпорындардың даму мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.
Жабайы қаздар, батат, кеме, бәліш… Си Цзиньпин қолданған бұл бейнелі теңеулер Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ынтымақтастықтың мәнін ашып, өңір елдерінің өркендеу мен ортақ болашаққа бірге қадам басуының маңызын көрсетеді.
Автор Гуо Чаокай
Келесі материал: Қырғызстанда шенеуніктерге қосымша табыс табуға рұқсат берілді
