Өзбекстан Қазақстан және Қырғызстанмен шекарадағы кедендік бақылауды бірлесіп жүргізу мәселесін талқылап жатыр. Тараптар кейбір өткізу бекеттерінде One Stop жүйесін енгізуді қарастыруда, деп жазады SteppeNews.kz.
11 қарашада өткен баспасөз мәслихатында Өзбекстан Кеден комитеті басқармасының басшысы Фархад Олимжонов One Stop тетігін жүзеге асырудың үш ықтимал жолын таныстырды.
Бірінші нұсқа бойынша, екі елдің кеден қызметкерлері бір ғимаратта бірлесіп жұмыс істейді. Екінші тәсілде әр мемлекеттің кеден органдары бөлек орналасып, экспорт пен импортқа қатысты міндеттер нақты бөлінеді.
Ал үшінші нұсқа кедендік рәсімдерді өзара тануға және тексеру нәтижелері туралы ақпарат алмасуға негізделген. Бұл жағдайда шекараның бір жағында тексеруден өткен жүк екінші елге кірген кезде қайта тексерілмейді. Мәселен, Өзбекстан тарапы экспортқа шығарылатын тауарды тексерсе, көршілес мемлекет оны қосымша бақылаусыз қабылдайды. Дәл осындай тәртіп кері бағытта да қолданылуы мүмкін.
Қазіргі уақытта Өзбекстанның Кеден комитеті Сыртқы істер және Көлік министрліктерімен бірлесіп, жүйені бірнеше өткізу бекетінде іске қосу мәселесін пысықтап жатыр.
Алайда мемлекеттік орган өкілінің айтуынша, бастаманы жүзеге асыру тек Ташкенттің шешіміне байланысты емес. Келіссөздер барысында серіктес мемлекеттер өзара іс-қимылдың тиімді үлгісін бірлесе таңдауы қажет. Жүйені енгізудің нақты мерзімі әзірге белгісіз.
Айта кетейік, биыл шілде айында Өзбекстан Кеден комитетінің төрағасы Акмалходжа Мавлонов көршілес мемлекеттермен шекарада One Stop қағидатын енгізу жоспары бар екенін мәлімдеген еді. Ал оның кеңесшісі Рустам Кобилов жаңа жүйеге көшу шекаралық бақылаудан өту уақытын екі есе қысқартуға мүмкіндік беретінін айтқан.
Келесі материал: Моңғолиялық педагогтер Қытайда білімін жетілдіріп, мәдени тәжірибе алмасты
