Техника және технология университеті мен оған қарасты Техника және технология политехникалық колледжінің 12 оқытушысы Қытайдың Хух-Хото қаласындағы Механика және электротехника кәсіптік-техникалық колледжінде біліктілікті арттыру курстарынан өтті деп жазады, SteppeNews.kz montsame.mn сайтына сілтеме жасап.
Курс барысында моңғолиялық педагогтер Қытай колледжі ұйымдастырған мәдени іс-шараға қатысып, екі елдің дәстүрлі мәдениеті мен өнерімен танысты. Сонымен қатар тәжірибе алмасты.
Іс-шара аясында екі оқу орнының оқытушылары каллиграфия және қыш өнері бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Олар шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, қытай өнерінің ерекшеліктері мен дәстүрлі әдістерін меңгерді.
Бұл бастаманың ерекшелігі – білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастықты кәсіби және мәдени бағыттарда қатар дамытуға мүмкіндік беруінде. Сондай-ақ ол алдағы бірлескен жобаларға жол ашады.
Қытайдың танымал каллиграфы Хорчинхуу өз жұмыстарын таныстырып, оқытушыларға каллиграфия өнерінің әдіс-тәсілдерін көрсетті. Бұдан бөлек, қатысушыларға тәжірибелік сабақтар өткізді.
Кәсіби білім мен дағдылар алмасуды мәдени және шығармашылық іс-шаралармен ұштастыру екі оқу орны арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, педагогтердің өзара түсіністігі мен достық байланыстарын нығайтуға ықпал етеді.
Келесі материал: Қазақстан киносының күндері Өзбекстанда ұйымдастырылды
