Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясында (COP31) Қазақстан павильоны іскерлік бағдарламасымен қатар ұлттық мәдениетті таныстыруымен де ерекшеленіп отыр деп жазады, SteppeNews.kz.
Павильонға келушілерді қазақтың ұлттық киімін киген екі қыз қарсы алады. Бес күннен бері конференция қатысушылары, шетелдік делегациялар мен көршілес павильон өкілдері олармен естелік суретке түсу үшін арнайы тоқтап жүр. Суретке түскісі келетіндердің көптігі сонша, Қазақстан павильонының алдында кезек те пайда болған.

Келушілердің ықыласына бөленген Райхан Вильямис пен Айзере Маханбет – Қазақстаннан барған студенттер. Олар ұлттық павильонның жұмысына ерікті ретінде қатысып жүр.
Алматыдан келген Райхан қазір Антальяда «Түрік тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша магистратураның екінші курсында оқиды. Ал Орал қаласының тумасы Айзере «Саясаттану және халықаралық қатынастар» бағыты бойынша бакалавриаттың екінші курсында білім алып жүр.
Қыздардың ұлттық киімі шетелдік қонақтарға қазақ мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік беріп отыр. Олар Қазақстан павильонының есте қаларлық ерекшеліктерінің біріне айналған.
Айта кетейік, COP31 конференциясындағы Қазақстанның ұлттық павильоны еліміздің табиғи мұрасын, экологиялық бастамалары мен заманауи технологияларын таныстырады. Мұнда Тұран жолбарыстарының бейнесінде жасалған Үміт пен Амур атты интерактивті гидтер жұмыс істейді. Жасанды интеллект негізінде жасалған кейіпкерлер павильон қонақтарына ақпарат береді.

Экспозицияда ормандарды қалпына келтіру, қалдықтарды қайта өңдеу, метан шығарындыларын азайту және жасыл энергетиканы дамыту жобалары да ұсынылған. Сонымен қатар Каспий мен Арал теңіздерінің экожүйелерін сақтау және климаттық мониторинг жүргізуге арналған цифрлық шешімдер таныстырылған.
COP31 аясында Қазақстан делегациясы жаңартылатын энергетиканы дамыту және газ инфрақұрылымын жаңғырту бағытында жалпы сомасы шамамен 1,2 млрд доллар болатын бірқатар келісімге қол қойды. Келісімдер Түркістан және Қостанай облыстарында жел электр станцияларын салуды, сондай-ақ газды есепке алудың зияткерлік жүйелерін енгізуді қамтиды.
9–20 қараша аралығында Қазақстан павильонында климаттық қаржыландыру, көміртегі нарықтары, циркулярлық экономика, жасыл технологиялар және халықаралық ынтымақтастық тақырыптарына арналған 38 іс-шара өткізу жоспарланған.
Келесі материал: Алматыда 2027 жылдан бастап LEZ аймағында көмір сатуға тыйым салынуы мүмкін
