Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Гамлет. Соңғы күндер» спектаклі халықаралық «Эргүү» («Шабыт») театр сыйлығының «Үздік шетелдік қойылым» аталымында жеңімпаз атанды деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Уильям Шекспирдің шығармасы негізінде режиссер Дина Жұмабай сахналаған қойылымды Қырғызстанның 60-тан астам театр академигі мен өнертанушысынан құралған қазылар алқасы жоғары бағалады. Биылғы байқауға Қазақстан, Әзербайжан және Ресейдің театр ұжымдары қатысты.
Бұл – Ғабит Мүсірепов атындағы театрдың халықаралық «Эргүү» сыйлығындағы қатарынан үшінші жеңісі. 2024 жылы режиссер Фархат Молдағали қойған «Құлагер» спектаклі, ал 2025 жылы режиссер Гүлназ Балпейсова сахналаған «Ұлпан» қойылымы осы сыйлыққа ие болған.
Бұл жетістік қазақстандық театр өнерінің халықаралық деңгейде мойындалып келе жатқанын көрсетеді.

