Қазақстан мен Өзбекстан сайғақ популяциясын қалпына келтіру, жануарлардың миграциялық жолдарын қорғау және браконьерлікпен күресу бойынша бірлесіп жұмыс істеуге келісті. Ол үшін екі ел сирек кездесетін түрді қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы арнайы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Құжатқа Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров пен Өзбекстанның Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитетінің төрағасы Азиз Абдухакимов қол қойды.
Тараптар сайғақтарды бірлесіп бақылауды жолға қоюға, олардың қозғалысы мен денсаулық жағдайын қадағалауға ниетті. Ол үшін спутниктік технологияларды пайдалану, ғылыми деректермен алмасу және ветеринариялық бақылауды үйлестіру жоспарланған.

Жұмыстың жеке бағыты – сайғақтарды тарихи мекендеу орындарына қайтару. Қазақстан мен Өзбекстан жануарларды көшіруді, табиғи жайылымдар мен су айдындарын қалпына келтіруді көздейтін реинтродукция бағдарламасын әзірлеуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, елдер браконьерлікпен және сайғақ мүйіздерінің заңсыз саудасымен күресті күшейтуге, бірлескен табиғатты қорғау рейдтерін өткізуге және трансшекаралық ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытуға ниетті. Жануарлардың елдер арасында қозғалатын миграциялық дәліздерін сақтау да маңызды міндет болмақ.
Меморандум ғылыми ынтымақтастықты да қарастырады: мамандар тәжірибе алмаса алады, бірлескен зерттеулер жүргізе алады және халықаралық ұйымдарды табиғатты қорғау жобаларына тарта алады.
