Қазақстанның інжу-маржаны саналатын Шарын шатқалы беделді The Worldworthy 100 – 2026 халықаралық рейтингінде 17-орынға тұрақтады. Осылайша, отандық табиғи нысан жаһандық тізімде үздік жиырмалыққа кіріп, еліміздің туристік әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді, деп жазады SteppeNews.kz.
Әлемнің 46 елінен іріктелген 100 таңдаулы каньон мен шатқал бақ сынаған бұл рейтингте Шарын шатқалы Қазақстан атынан ұсынылған нысандардың ішіндегі ең жоғары нәтижеге қол жеткізді. Жетістік ресми түрде расталып, The Worldworthy 100 редакциясы Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне арнайы лауреат сертификатын табыстады.
Табиғи кешеннің ерекшелігі неде?
Алматы облысының аумағында орналасқан бұл бірегей табиғи ескерткіш Шарын өзенінің бойын жағалай 154 шақырымға созылып жатыр. Шатқал өңірдің сирек кездесетін ландшафттары мен бай биоалуантүрлілігін қорғау мақсатында құрылған аттас ұлттық табиғи парктің құрамына кіреді.
Рейтинг қалай жасалады?
Worldworthy — жаһандық деңгейдегі үздік табиғи, мәдени және туристік бағыттарды саралайтын тәуелсіз халықаралық басылым. Басылым сарапшылары тізімді жасақтау барысында бірнеше негізгі критерийге сүйенеді:
-
саяхатшылардың нақты пікірлері мен бағалары;
-
беделді туристік нұсқаулықтардың ұсыныстары;
-
халықаралық БАҚ-тағы жарияланымдар мен ашық статистикалық деректер.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай халықаралық деңгейдегі мойындау елімізге келетін шетелдік туристер легін арттырып, өңірдегі экотуризмнің дамуына тың серпін береді.
