Қырғызстан құрамасы Ресейдің Кемерово қаласында өткен унибойдан әлем чемпионаты мен әлем біріншілігінде бес жүлдеге ие болды. Спортшылар бір алтын, үш күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы Қырғызстанның Унибой федерациясының президенті Торокелди Рысмендеев мәлімдеді деп хабарлайды SteppeNews.kz 24KG сайтына сілтеме жасап.
18–20 жас аралығындағы спортшылар арасында 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Рамазан Айткулов алтын медаль иеленді.
Ересектер арасында Кубанычбек Акматбеков 60 келіге дейінгі салмақта «лайт» дисциплинасы бойынша, Женишбек Мамбетов 80 келіге дейінгі, ал Бектемир Садырбеков 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс жүлдеге қол жеткізді.
Ал Ақылбек Ыманбеков классикалық унибой жарысында қола медаль жеңіп алды.
Айта кетейік, унибой немесе әмбебап жекпе-жек – кедергілер жолағынан өту, нысана көздеу, пышақ лақтыру және рингтегі жекпе-жекті қамтитын спорт түрі.
Әлемдік жарыстар 1–8 қараша аралығында Ресейдің Кемерово қаласында өтті. Оған 37 елден әртүрлі жас санатындағы 1 200 спортшы қатысты. Қатысушылар екі дисциплина бойынша – әмбебап жекпе-жек және әмбебап жекпе-жек лайт бағыттарында сынға түсті.
Келесі материал: Алматы Қытайдың іскерлік туризм бағытындағы байланысын кеңейтуде
