Қазақстанның ірі бизнес өкілдері жас көшбасшыларды қолдауға және студенттерге экономиканың нақты секторына қатысты міндеттерді сеніп тапсыруға басымдық беріп отыр.
«Ақылды» кәсіпорын қандай болуы керек?
Мұндай өндіріс орнында желінің кез келген тоқтауы дерек көзіне айналады: станок ақау туралы өзі хабарлайды, жасанды интеллект оны шешу жолын ұсынады, ал жөндеу жұмыстарының тарихы келешекте істен шығудың алдын алуға көмектеседі. Қазақстандық студенттер Centras Leadership Challenge білім беру бағдарламасы аясында болашақ фабрикасын осылай елестетті. Үздік идея авторлары XIV Kazakhstan HR Forum форумының басты сахнасында ақшалай сыйлықтарға ие болып, бизнес қауымдастығының бағасын алды.
Академиядан бизнеске дейін
Жобаны Centras Group компаниясының қатысуымен Kazakhstan Growth Forum сараптамалық алаңы ұйымдастырды. 2026 жылы бағдарламаға 343 қатысушыдан құралған 62 команда өтінім берген. Іріктеу қорытындысы бойынша еліміздің жетекші жоғары оқу орындарынан 34 команда бағдарламаға қабылданды. Олардың қатарында Nazarbayev University, KIMEP University, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, ҚБТУ, SDU University, MNU, UIB, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және Energo University бар.
Биылғы байқаудың тақырыбы – «Фабрика 2030: ақылды, экологиялық және адамға бағдарланған өндіріс». Студенттерге стратегиялық кеңесші рөлінде жұмыс істеп, қалыпты өндіріс орнын заманауи озық кәсіпорынға айналдыру жолдарын ұсыну міндеті жүктелді.
Екі апта бойы қатысушылар қазіргі топ-менеджерлердің дәрістерін тыңдап, кейс бойынша тәлімгерлермен бірге жұмыс істеді. Олардың қатарында жоғары буын басшылары, топ-менеджерлер және инновациялар саласының сарапшылары болды.
Centras Group негізін қалаушы Елдар Абдразақовтың айтуынша, Қазақстанда жоғары оқу орындары мен бизнес арасындағы байланыс әлі де жеткілікті деңгейде қалыптаспаған. Мұндай жобалар осы алшақтықты азайтуға көмектеседі. Оның пікірінше, студенттерді бизнес үдерістеріне мүмкіндігінше ертерек тарту қажет.
«Америкалық университеттерде клубтар деп аталатын арнайы институттар бар. Олар жұмыс берушілерді университеттермен тікелей байланыстырады. Соның арқасында студенттер алғашқы курстардан бастап-ақ бизнеспен араласып, тәжірибе жинай бастайды. Қазақстанда мұндай клубтардың мүмкіндігі әлі де толық бағаланбай отыр», – деді Елдар Абдразақов.
Финал қалай өтті?
Байқаудың финалы 4 қарашада XIV Kazakhstan HR Forum форумының басты сахнасында өтті. Ақтық кезеңге өткен 15 үздік команда өз жобаларын Қазақстанның ірі компанияларының топ-менеджерлері мен HR-директорларының алдында қорғады.
Әр команда болашақ фабриканың жұмыс істеу үлгісін, онда еңбек ететін мамандардың рөлін және өндіріс тиімділігін анықтайтын негізгі үдерістерді өз көзқарасы бойынша ұсынды. Қазылар алқасының мүшелері қатысушылардың жобалары жоғары деңгейде дайындалғанын және жеңімпаздарды анықтау оңай болмағанын атап өтті.
Popeyes компаниясының операциялық директоры (COO) Марсель Бамматов бұл жобаға үшінші жыл қатарынан қатысып келеді. Ол көбіне тәлімгер ретінде жұмыс істеген, ал бір жолы қазылар алқасының құрамында болған. Биылғы байқауда ол қатысушылардың дайындығына ерекше баға берді.
«Жыл сайын челленджге қатысатын студенттердің деңгейі өсіп, бізді таңғалдыруын тоқтатпайды. Осындай білімі мен ынтасы жоғары жастар бар кезде еліміздің болашағына сеніммен қарауға болады», – деді Марсель Бамматов.
Жеңімпаздар қандай шешім ұсынды?
Байқаудың басты талабы – ұсынылған жобаны үш жыл ішінде жүзеге асыруға болатындығы және кемінде екі бағыт бойынша өлшенетін нәтиже көрсетуі еді. Олар «экономика + ESG» немесе «экономика + адам ресурстары» бағыттарын қамтуы керек болды.
Жүлделі орындарға ие болған командалардың барлығы бір мәселеге назар аударды. Олардың пікірінше, фабрика үшін ең үлкен шығындардың бірі – өндірістік желілердің тоқтап қалуы.
Шартты түрде алынған фабрикада өндіріс желілері жұмыс уақытының шамамен 8%-ында тоқтап тұрған. Ал ақаулардың себептері мен оларды жою жолдары туралы ақпарат жекелеген мамандардың тәжірибесі мен жадында ғана сақталған.
Бұл мәселені шешу үшін жеңімпаздар өндірісті цифрландыруды ұсынды. Атап айтқанда, өндірістік желінің әрбір тоқтауын тіркеп, ақаулар тарихын жинақтап, осы деректер негізінде жасанды интеллект жүйесін енгізу қажет. Ол ықтимал ақаулардың алдын алуға және оларды жою жолдарын ұсынуға көмектеседі.
Командалардың есебінше, мұндай шешім өндірістегі тоқтап қалу уақытын 8%-дан 6,3–6,5%-ға дейін қысқартып, кәсіпорынға жыл сайын жүздеген жұмыс сағатын қайтаруға мүмкіндік береді.
Centras Leadership Challenge 2026 байқауының бас жүлдесін және 1 миллион теңге сыйақыны Nazarbayev University университетінің Friends командасы жеңіп алды. Команда құрамында Сағи Бақыткелді, Дәурен Сейтхан, Аяулым Нұрғожина, Айдана Үтілиева, Әсия Бралина және Аружан Даутова болды.

Қатысушылардың айтуынша, жобаны қорғауға дайындық олардың бос уақытының басым бөлігін алған.
«Бұл біз үшін өте толқулы сәт болды. Астанадан түнде ғана ұшып келдік, дұрыс ұйықтай алмадық, дайындықпен айналыстық. Осындай сезімді бастан өткеріп, кәсіби мамандармен бірге жұмыс істеуге мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз!» – деді жеңімпаздар.
Екінші орын мен 500 мың теңге сыйақы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің Vertex командасына берілді. Команда құрамына Арзум Қасымжанов, Данил Палаугин, Артём Рот және Әмір Жансеитов кірді.

Үшінші орын мен 200 мың теңгені Қазақстан-Британ техникалық университетінің Totally Spies командасы иеленді. Оның құрамында Арина Широченко, Жансая Қажен, Амина Ахмадиева және Арина Аутова болды.

Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен қатар, мансаптық мүмкіндіктерге де ие болды. Олардың кәсіби әлеуетін еліміздің ірі компанияларының топ-менеджерлері мен HR-директорлары бағалады.
Студенттік бастамалардың маңызы
Ұйымдастырушылардың пікірінше, қазіргі еңбек нарығына changemakers, яғни қалыптасқан корпоративтік қағидалармен шектелмей, тың идея ұсына алатын, белсенді әрі бастамашыл жас мамандар қажет.

Centras Leadership Challenge жобасы академиялық ортаны экономиканың нақты секторымен байланыстырады. Бағдарлама барысында студенттер нарық ауқымында ойлауды үйренсе, бизнес өкілдері болашағынан үміт күттіретін жас мамандарды өз командаларына тартуға мүмкіндік алады.
Centras Group компаниясының HR-директоры Наталья Альгейер атап өткендей, бүгінде табысқа жететін компаниялар еңбек нарығынан дайын мамандарды тартумен шектелмей, өз таланттарын қалыптастыруға және дамытуға көңіл бөледі.
Келесі материал: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады
