TikTok платформасы 2026 жылдың екінші тоқсанындағы Қауымдастық ережелерінің сақталуы туралы есебін жариялады. Құжатта пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ережелерді бұзатын контентті анықтау және жою бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелері қамтылған. Сондай-ақ есепте контентті модерациялау технологияларын жетілдіру бойынша енгізілген жаңа тәсілдер туралы мәлімет берілген.
Есепке сәйкес, 2026 жылғы сәуір-маусым айлары аралығында Қазақстанда:
- Қауымдастық ережелерін бұзғаны үшін 1,37 миллионнан астам бейнеролик жойылды;
- Жойылған бейнероликтердің 99,6%-ы пайдаланушылардан шағым түспей тұрып анықталған;
- Ереже бұзған бейнероликтердің 92,1%-ы жарияланғаннан кейінгі алғашқы 24 сағат ішінде жойылған.
Ал әлем бойынша осы кезеңде TikTok мынадай нәтижелерге қол жеткізді:
- Платформаның талаптарын бұзған 188 миллионнан астам бейнеролик жойылды;
- Мұндай контенттің 99,5%-ы пайдаланушылардан шағым түспей тұрып анықталған. Бұл – платформа тарихындағы ең жоғары көрсеткіш;
- Ереже бұзған бейнероликтердің 92,7%-ы жарияланғаннан кейінгі алғашқы 24 сағат ішінде жойылған.
TikTok контентті модерациялау жүйесінде жасанды интеллект технологияларын қолдануды жалғастырып келеді. 2026 жылдың екінші тоқсанында әлем бойынша ереже бұзған бейнероликтердің 97,4%-ы жасанды интеллектіні қоса алғанда, автоматтандырылған жүйелердің көмегімен анықталып, жойылған. Бұл – платформа жұмыс істей бастағаннан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Автоматтандырылған құралдарды пайдалану Қауымдастық ережелерін бұзатын контентті жылдам анықтауға және оның пайдаланушыларға көрсетілу ықтималдығын азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар модерациялау процесіне TikTok-тың қауіпсіздік жөніндегі мамандары да қатысады. Олар күрделі әрі даулы жағдайларды, соның ішінде пайдаланушылар шағым түсіргеннен кейін қосымша тексеруге жіберілген материалдарды қарайды. Контентті шектеу қажеттілігі туралы шешім қабылданғаннан кейін, ереже бұзушылық расталған жағдайда аккаунт иесіне тиісті хабарлама жіберіледі.
TikTok жалған аккаунттар мен белсенділікті жасанды түрде арттыру әрекеттеріне қарсы жұмыстарды да күшейткен. 2026 жылдың екінші тоқсанында платформа әлем бойынша 352 миллионнан астам жалған аккаунттың ашылуына жол бермеген. Сондай-ақ жасанды түрде көбейтілген 6,2 миллиардтан астам лайк, 2,7 миллиард жалған жазылушы және жалған аккаунттардан жарияланған 190 миллион пікір жойылған.
Бұдан бөлек, жазылушылар санын жасанды түрде арттыруға бағытталған 7,5 миллиардтан астам әрекеттің алдын алған.
Мұндай заңбұзушылықтарды анықтау үшін платформа белсенділікті жасанды түрде арттыруға қарсы технологияларды жетілдіріп келеді. Бұл құралдар контент авторларының жазылушылар санын және бейнероликтерінің танымалдылығын қолдан көбейту әрекеттерін анықтауға бағытталған.
TikTok Қауымдастық ережелерінің сақталуы туралы есептерді тұрақты түрде жариялап отырады. Құжаттарда контентті модерациялау нәтижелері, ереже бұзатын материалдарды анықтау көрсеткіштері және пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қабылданған шаралар туралы ақпарат беріледі.
Есептің толық нұсқасы TikTok ресми сайтында жарияланған.
Келесі материал: Үрімжідегі ерекше қой ойыншығы туристердің қызығушылығын арттырды
