Стипендиялар мен қытай тілін меңгерген мамандарға сұраныстың артуы Қытай жоғары оқу орындарын тәжікстандық талапкерлер үшін тартымды бағытқа айналдырды деп хабарлайды SteppeNews.kz asiaplus.news агенттігіне сілтеме жасап.
Бірнеше жыл бұрын Тәжікстан жастарының басым бөлігі үшін Қытайда білім алу қолжетпейтін арман сияқты көрінетін. Алайда бүгінде жағдай өзгерген. Оқушылар қытай тілін мектеп қабырғасынан бастап үйреніп, Қытай университеттеріне түсуге мақсат қоя бастады.
Мұндай қызығушылықтың өзіндік себептері бар. Қытай тілін меңгеру және әлемдегі жетекші экономикалық державалардың бірінде жоғары білім алу жастарға болашақта жақсы жұмыс тауып, кәсіби тұрғыдан дамуға мүмкіндік береді.
Қытай тілін үйренуге қызығушылық артып келеді
Сарапшылардың бағалауынша, әлемде 200 миллионнан астам шетелдік қытай тілін үйреніп жүр. Сонымен қатар бұл тіл 80-нен астам елдің білім беру бағдарламасына енгізілген.
Қытай тілін таңдаудың себептері де өзгерген. Бұрын жастар оны көбіне елдің мәдениеті мен тарихына қызығушылық танытып үйренсе, қазір бұл таңдау экономика және технология салаларындағы мүмкіндіктермен тығыз байланысты. Қытай тілін білу сауда, қаржы, халықаралық қатынастар және бірлескен жобалар бағытында білім алып, жұмыс істеуге жол ашады.
Қытай – әлемдегі екінші ірі экономика әрі Тәжікстан мен Орталық Азияның басқа да елдері үшін негізгі сауда серіктестерінің бірі. Қытай компаниялары энергетика, құрылыс, жол инфрақұрылымы, байланыс және өнеркәсіп салаларында ірі жобаларды жүзеге асырып келеді. Бұл бағыттарда қытай тілін ғана емес, елдің іскерлік мәдениеті мен жұмыс жүргізу ерекшеліктерін де білетін мамандарға сұраныс жоғары.
Бүгінде қытай тілін меңгеру халықаралық компаниялар мен Тәжікстан-Қытай бірлескен жобаларында жұмыс істеуге мүмкіндік беретін маңызды артықшылыққа айналды. Сондықтан жастар бұл тілді университетке түспей тұрып-ақ үйренуге кіріскен.
Солардың бірі – 11-сынып түлегі Әзиз Ашуров. Ол болашақта Қытайда білім алуды жоспарлап отыр. Әзиз бір жылдан астам уақыттан бері Ұлттық университет жанындағы Конфуций институтында қытай тілін меңгеріп жүр.
«Мұндағы орта Қытайдың өзіндегі жағдайға ұқсайды. Оқытушылардың барлығы сол елден келген. Бұл тілді ғана емес, мәдениетті де тікелей қарым-қатынас арқылы үйренуге мүмкіндік береді», – дейді Әзиз.
Жас талапкердің айтуынша, ол Қытайда білім алуды туыстарының кеңесімен және елдің қазіргі даму деңгейін ескере отырып таңдаған.
«Менің ойымша, болашақта қытай тілі әлемдегі негізгі тілдердің біріне айналуы мүмкін. Қытай – дамыған мемлекет. Онда бизнеспен айналысуға да, кәсіби болашағыңды қалыптастыруға да болады», – деп қосты ол.
Әзиз қаржы мамандығы бойынша білім алғысы келеді. Әзірге нақты қай университетке түсетінін шешпегенімен, қытай тілі мен мәдениетін үйрену арқылы сол мақсатқа алғашқы қадамын жасағанына сенімді.
Қытайда 6 мыңға жуық тәжікстандық студент білім алады
Соңғы жылдары Қытайдың жоғары білім беру жүйесі айтарлықтай дамыды. Университеттер ғылымға, инфрақұрылымға және халықаралық білім беру бағдарламаларына қомақты инвестиция салып келеді. Соның нәтижесінде Қытай университеттерінің халықаралық деңгейдегі беделі де артып отыр.
Бұл оқу орындарында тәжік жастары да аз емес. Тәжікстан Президенті биыл 12 мамырда Бейжің университетінде сөйлеген сөзінде қазіргі уақытта Қытай университеттерінде 6 мыңға жуық тәжікстандық студент білім алып жатқанын мәлімдеген.
Оның айтуынша, Тәжікстан тәуелсіздік алғаннан бері елдің 10 мыңнан астам азаматы Қытайдың жоғары оқу орындарын тәмамдаған.
Солардың бірі – Гонконг университетінің (HKU) студенті Фаррух Ахмадов. Ол бизнес-аналитика мамандығы бойынша білім алып жүр. Оның айтуынша, Гонконг оған Азиядағы ірі академиялық ортаға жол ашқан.
«Мені университеттің беделі мен халықаралық деңгейде мойындалуы қызықтырды. Ол Азияда бірінші, ал әлемдік рейтингте 11-орында тұр», – дейді студент.
Дегенмен оның сөзінше, университет таңдауда рейтинг қана емес, оқытушылардың біліктілігі мен білім беру жүйесіндегі бәсекелестік те маңызды рөл атқарған.
«Мұнда Нобель сыйлығының лауреаттарын қоса алғанда, әлемдік деңгейдегі ғалымдар сабақ береді. Бұл студенттерге қойылатын талаптарды едәуір арттырады», – деп атап өтті ол.
Фаррухтың айтуынша, студенттердің басым бөлігі оқу кезінде-ақ ірі халықаралық компанияларда тәжірибеден өтеді. Сонымен қатар ол стипендиялық бағдарламалар мен көші-қон талаптарының ашықтығын да артықшылық ретінде атады.
Қытайда білім алу қолжетімді бола бастады
Қытай университеттерінің шетелдік талапкерлер арасында танымал болуының негізгі себептерінің бірі – қаржылық қолжетімділік. Ел халықаралық студенттерге мемлекеттік және университеттік стипендиялар ұсынады.
Солардың ішіндегі ең танымалдарының бірі – Қытай үкіметінің стипендиялық бағдарламасы (CSC). Ол оқу ақысын, жатақхана шығындарын өтеп, студенттерге ай сайынғы шәкіртақы қарастырады.
Бұдан бөлек, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында Орталық Азия елдерінің жастарына арналған арнайы білім беру бағдарламалары да бар. Мұндай мүмкіндіктер көптеген талапкердің Еуропа немесе АҚШ университеттерінен гөрі Қытайды таңдауына әсер етеді.
Қытай университеттерінің түлектері ел ішінде де, шетелде де халықаралық компанияларда, банктерде, қаржы және заманауи технологиялар салаларында жұмыс таба алады.
Қытай университеттері халықаралық рейтингтерде
«Times Higher Education – 2026» халықаралық рейтингіне 115 елден 2 мыңнан астам университет енген. Бұл тізімде Қытайдың жоғары оқу орындары да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген.
Рейтинг нәтижелері бойынша Қытай университеттері оқыту сапасы, ғылыми зерттеулер, өндіріс саласымен байланыс және шетелдік студенттерді тарту бағыттарында жақсы нәтижелер көрсетіп келеді.
Мәселен, Цинхуа университеті әлемдік рейтингте 12-орынға тұрақтаған. Бұл – халықаралық деңгейдегі жоғары көрсеткіштердің бірі.
Цинхуа университетін кейде «Шығыстың Гарварды» деп те атайды. Ол инженерия, технология, математика және нақты ғылымдар бағыттарында жетекші оқу орындарының бірі саналады. Университетте ағылшын тілінде оқытылатын 60-тан астам білім беру бағдарламасы бар. Бұл қытай тілін толық меңгермеген шетелдік студенттерге де білім алуға мүмкіндік береді.
Шанхайдағы Фудань университеті медицина, экономика және қоғамдық ғылымдар бағыттарымен танымал болса, Шанхай Цзяо Тун университеті инженерия және бизнес басқару салаларына басымдық береді.
Аталған оқу орындары теориялық біліммен шектелмей, студенттерге тәжірибелік мүмкіндіктер де ұсынады. Олардың қатарында ірі компаниялардағы тағылымдамалар, ғылыми зерттеулерге қатысу және халықаралық жобалармен жұмыс істеу бар.
Бүгінде Қытай жастарға сапалы білім алып, сұранысқа ие тілді меңгеріп, халықаралық кәсіби ортаға қосылуға мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан Тәжікстанда Қытай университеттерінде білім алуды қалайтын талапкерлер саны артып келеді
Келесі материал: Астанада соғым маусымына арналған ет жәрмеңкесі басталды
