Астанада дәстүрлі «Соғым-FEST» ет жәрмеңкесі басталды. Қаладағы үш сауда алаңында ұйымдастырылған шараға еліміздің бірнеше өңірінен келген фермерлер қатысып, ет өнімдерін қолжетімді бағамен ұсынып жатыр. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты мәлімдеді деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Жәрмеңкені қалалық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы ұйымдастырды.

«Соғым – халқымыздың қысқа қамдануымен байланысты қалыптасқан көне дәстүр. Ежелден әр отбасы қысқа арнап ет дайындап, оны сүрлеп сақтаған. Сондай-ақ жақындарын жинап, дастарқан басында ет бөліскен. Бүгінде «Соғым-FEST» осы дәстүрді жаңаша форматта жалғастырып, отандық фермерлер мен елорда тұрғындарын бір алаңға жинап отыр. Жәрмеңке арқылы тұрғындар ет өнімдерін тиімді бағамен сатып ала алады», – деді қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жанабаев.
Жәрмеңкеде сиыр етінің бір келісі 3 300 теңгеден, жылқы еті 3 500 теңгеден, ал қой еті 3 700 теңгеден сатылып жатыр.
Сауда алаңдарына Қарағанды, Ақмола, Павлодар және Абай облыстарынан, сондай-ақ еліміздің оңтүстік өңірлерінен келген шаруалар өз өнімдерін жеткізген.

«Жәрмеңкеге еліміздің оңтүстік өңірлерінен де шаруалар келді. Өткен жылдардағы көрсеткіштерге қарағанда, мұнда апта сайын орта есеппен 150-200 тонна ет сатылады. Ұйымдастырушылар маусым аяқталғанша сатылатын ет көлемі 1 000 тоннадан асады деп жоспарлап отыр», – деп толықтырды Мақсат Жанабаев.
Саудаға шығарылған барлық ет зертханалық тексеруден өткізіліп, қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі анықталады. Ал өнім бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуді қалалық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары қадағалайды.
Ет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жататындықтан, оған белгіленетін сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы тиіс.
«Біздің негізгі міндетіміз – бағаның дұрыс белгіленуін қадағалау. Мұндай жәрмеңкелер өндірушілердің өнімін тұтынушыға делдалсыз жеткізуге мүмкіндік береді. Қызметкерлеріміз сауда орындарын түгелімер аралап, өнім бағасының 15 пайыздық үстемеден аспауын бақылап отырады», – деді Астана қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркебұлан Тағашов.

«Соғым-FEST» ет жәрмеңкесі 2026 жылдың соңына дейін әр демалыс күндері сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін өтеді. Сауда төмендегі үш мекенжайда ұйымдастырылады:
- Keruen Joly сауда орталығы – Алаш тасжолы, 35Б;
- «Ет Әлемі» сауда орталығы – Алаш тасжолы, 31/1;
- Jurt сауда орталығы – Бейбарыс Сұлтан көшесі, 3.
Keruen Joly және «Ет Әлемі» сауда орталықтарына №7, 11, 39, 41, 45, 53, 59, 76, 81, 82, 120, 120А, 307 және 317 автобустарымен жетуге болады.
Ал Jurt сауда орталығына №2, 7, 13, 32, 42, 49, 50, 67 және 73 бағыттағы автобустар қатынайды.
Келесі материал: Астанада 300-ге жуық гимнастшы қатысқан Cinderella Cup турнирінде бейімделген спорт жобасы таныстырылды
