AI Talents Almaty білім беру жобасының 11 жеңімпазы АҚШ-қа аттанды. Олар Кремний алқабында Қазақстан атынан өнер көрсетіп, жасанды интеллект жөніндегі халықаралық конференцияға қатысады. Сондай-ақ әлемдік технологиялық компаниялардың жұмысымен және осы саладағы жаңа әзірлемелермен танысады деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
AI Talents Almaty — оқушыларға бағдарламалау мен жасанды интеллект негіздерін үйрететін білім беру жобасы. Ол Алматы қаласының Цифрландыру басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаға IT саласында бұрын тәжірибесі болмаған балалар да қатыса алады.

Оқу бағдарламасы бағдарламалау негіздерінен басталып, біртіндеп қосымшалар, цифрлық сервистер мен жасанды интеллект агенттерін әзірлеуге бағытталады. Оқушылар кәсіби менторлардың көмегімен заманауи құралдарды меңгеріп, үдерістерді автоматтандыруды және нақты міндеттерге арналған технологиялық шешімдер жасауды үйренеді.
«Бағдарлама тәжірибелік оқытуға негізделген. Оқушылар бағдарламалау негіздерін меңгеріп, жасанды интеллект құралдарын қолдануды, цифрлық өнімдер әзірлеуді және өзінің жасанды интеллект агенттерін жасауды үйренеді. Қатысушыларға кәсіби менторлар мен IT индустриясының сарапшылары көмектеседі. Ал алған білімін хакатондарда және жоба әзірлеу барысында қолданады», – деді Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Нұрқанат Сәбит.
Жоба аясында бастапқы тестілеуден 10 мың оқушы өтті. Олардың арасынан 1 500 оқушы тереңдетілген оқуға іріктелді. Мыңнан астам қатысушы курсты аяқтап, Junior әзірлеуші сертификатын алды және өздерінің цифрлық өнімдерін таныстырды.

Бағдарлама аясында үш офлайн хакатон ұйымдастырылды. Қатысушылар онда жобалар әзірлеп, оларды сарапшылар алдында қорғады. AITK Fest 2026 қорытындысы бойынша Кремний алқабына бару мүмкіндігіне ие болған 11 жеңімпаз анықталды.
АҚШ-та оқушылар NVIDIA компаниясының техникалық бағдарламалар жөніндегі аға менеджері Абхиджит Джошимен (Abhijeet Joshi) кездесіп үлгерді.
Сапардың негізгі оқиғаларының бірі — 3–6 қараша аралығында өтетін TechEquity AI Summit 2026 конференциясына қатысу. 5 қарашада оқушылар жасанды интеллектіні дамыту мен оны түрлі салаларда қолдануға арналған іс-шараға барады. Конференция спикерлері қатарында NVIDIA, Google, Google DeepMind, Snowflake, Meta, IBM және Adobe компанияларының, сондай-ақ Стэнфорд университетінің сарапшылары бар.
Сонымен қатар алматылық оқушылар Company Brain Hackathon хакатонына қатысып, алған білімдерін тәжірибеде қолдануға және басқа әзірлеушілермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады.

Сапар бағдарламасына Стэнфорд университеті мен Берклидегі Калифорния университетіне (UC Berkeley) бару да енгізілген. Оқушылар оқу орындарының ғылыми-зерттеу бағыттарымен және білім алу мүмкіндіктерімен танысады.
Қатысушылар California PATH зерттеу бағдарламасының 40 жылдығына арналған PATH@40 халықаралық іс-шарасына да барады. Онда жасанды интеллект, жүргізушісіз көлік және зияткерлік қалалық инфрақұрылым салаларындағы әзірлемелер таныстырылады.
Сапар оқушыларға жетекші технологиялық компаниялар мен университеттердің тәжірибесін зерделеуге, өз жобаларын таныстыруға және халықаралық кәсіби ортада тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.
Келесі материал: Жезқазғанда онкология орталығы мен жаңа емхана салынады
