Жезқазған қаласында 100 төсектік онкология орталығы және бір ауысымда 250 адам қабылдайтын заманауи емхана бой көтереді. Жаңа медициналық нысандар Ұлытау облысының тұрғындарына медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерде алуға мүмкіндік береді деп жазады, SteppeNews.kz.
Онкология орталығының құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда.
Өңірге жұмыс сапарымен барған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ұлытау облысының әкімі Есет Байкенмен бірге болашақ онкология орталығының іргетасына капсула салу рәсіміне қатысты. Сонымен қатар министр жаңа емхананың құрылыс барысын тексерді.

«Бүгін біз Ұлытау тұрғындары көп жылдан бері күткен медициналық нысанның құрылысын бастаймыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде медициналық инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Алдағы жылдары 70-тен астам денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр. Біздің басты міндетіміз – халықтың қажетті тексерулерден уақтылы өтіп, тұрғылықты жеріне жақын жерде тиісті ем алуына жағдай жасау», – деп атап өтті министр.
100 төсектік онкология орталығы облыстық көпбейінді аурухананың жаңа корпусында орналасады. Мұнда қатерлі ісік ауруларын ерте анықтауға және мамандандырылған ем жүргізуге қажетті жағдайлар қарастырылады.
Жоба аясында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын консультациялық-диагностикалық орталықты да жаңа ғимаратқа көшіру жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын 2030 жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
Жезқазған қаласының Батыс ауданында да жаңа медициналық нысан салынады. Жалпы ауданы 8,4 мың шаршы метр болатын үш қабатты емханада диагностикалық кабинеттер, күндізгі стационар, зертхана, амбулаториялық хирургия орталығы және әйелдер консультациясы орналасады.
Емхана маңында тоғыз жедел жәрдем бригадасына арналған станция да бой көтереді. Жаңа нысан қарқынды дамып келе жатқан аудан тұрғындарына қызмет көрсетеді. Болжам бойынша, алдағы уақытта аудан халқының саны 18 мың адамға дейін жетуі мүмкін.
«Маңыздысы – жаңа ғимараттар салу ғана емес, әрбір адамның қажетті медициналық көмекті уақтылы әрі тұрғылықты жеріне жақын жерде алуына жағдай жасау», – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.

Жұмыс сапары барысында министр Жезқазған қаласындағы Облыстық жоғары медициналық колледжге барып, медицина кадрларын даярлау барысымен танысты. Сондай-ақ өңірдегі медициналық ұйымдардың басшыларымен кездесу өткізді.
Сапар қорытындысында Ақмарал Әлназарова құрылыс жобаларын белгіленген мерзімде іске асыру, медициналық кадрлардың әлеуетін нығайту және Ұлытау облысында медициналық қызмет сапасын арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Келесі материал: Ұлан-Баторда ЮНЕСКО-ның «Көшпелі өркениеттер тарихы» жобасы талқыланады
