Қырғызстан үкіметі Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен (АИИБ) 500 млн долларға дейін қаржы тарту туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасын Жогорку Кенештің қарауына енгізді. Қаражат энергетика, жол құрылысы, қолжетімді тұрғын үй, денсаулық сақтау және суару жүйелерін дамытуға бағытталмақ деп хабарлайды SteppeNews.kz 24KG ақпараттық сайтына сілтеме жасап.
2026 жылғы 27 қыркүйекте Дохада қол қойылған рамалық келісім 2026–2028 жылдарға арналған. Қаржыландыру мемлекеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға берілетін кредиттер түрінде қарастырылған.
Қаражат қандай жобаларға бөлінеді?
Келісімнің қосымшасында алты басым бағыт көрсетілген:
- 200 млн доллар – Қамбар-Ата-1 су электр станциясын салу. Қаржыландыруды мақұлдау 2027–2028 жылдары күтіледі.
- 65 млн доллар – жасыл әрі қолжетімді тұрғын үй бағдарламасы. Қаржыландыру 2027 жылы жоспарланған.
- 50 млн доллар – ирригация жүйелерін дамыту. Қаражатты 2027 жылы тарту көзделген.
- 50 млн доллар – Ош–Манас автомобиль жолын реконструкциялау.
- 50 млн доллар – тұрақты экономикалық өсуді, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қолдау бағдарламасы.
- Балалар ауруханасын салу – Ош қаласындағы жобаға қаржы қарастырылған, бірақ нақты сомасы әзірге белгісіз. Оны мақұлдау 2028 жылы күтіледі.
Кредит тарту тәртібі жеңілдейді
Келісімнің негізгі ерекшелігі – оның аясындағы жобаларға кредит тарту рәсімін жеңілдету. Рамалық құжат парламентте ратификацияланғаннан кейін, жекелеген жобаларды қаржыландыру туралы келісімдерді Жогорку Кенеште қайта ратификациялау қажет болмайды.
Дегенмен, әрбір жоба Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің келісу рәсімдерінен өтіп, Қырғызстан үкіметінің мақұлдауын алуы тиіс. Кредиттердің нақты сомасы, пайыздық мөлшерлемесі мен өтеу мерзімі жеке анықталады.
Құжаттың ратификациялануы 500 млн доллардың толық бөлінетінін білдірмейді. Бұл – банк 2028 жылдың соңына дейін қарастыруы мүмкін қаржыландырудың ең жоғары көлемі.
Қырғызстан Қаржы министрлігінің пікірінше, жаңа механизм инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жеделдетіп, сыртқы қаржыландыру тартуды жеңілдетеді.
Заң жобасы әзірге Жогорку Кенештің қарауында. Құжат қабылданып, қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін келісім күшіне енуі мүмкін.
Келесі материал: Алматыдағы Наталия Сац театры қайта ашылады
