Алматыдағы Наталия Сац атындағы мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театры ауқымды қайта жаңғыртудан кейін 6–8 қараша күндері көрермендерді қайта қабылдайды. Театрдың ашылуына орай арнайы қойылымдар бағдарламасы дайындалды. Бұл туралы SteppeNews.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңартылған театрдың тарихи сәулеттік келбеті сақталып, инженерлік желілері, дыбыс, жарық және сахна жабдықтары жаңғыртылды. Реставраторлар мозаикалық композициялар мен мәрмәр беттерді қалпына келтірді. Негізгі сахнаның техникалық мүмкіндіктері де кеңейтілді.

Театр жанынан Қазақстан мен Ресейдің еңбек сіңірген қайраткері Борис Преображенский атындағы жаңа ғимарат салынды. Онда 260 көрерменге арналған Black Box форматындағы шағын сахна орналасқан. Сахна мен көрермен орындарын қойылым ерекшелігіне қарай өзгертуге болады.

Жаңа ғимаратта дайындық залдары, балет сыныбы, көркемдік-өндірістік шеберхана, балаларға арналған Baby Hall кеңістігі, кітап оқуға және шығармашылық кездесулерге арналған Book Hall, сондай-ақ «Sats ComUnity» балалар студиясының оқу театры жұмыс істейді.
Енді театр негізгі және шағын сахналарда қойылымдарды қатар көрсете алады. Жаңа кеңістіктер дайындық жұмыстарына, балалар студиясының сабақтарына және шығармашылық кездесулерге пайдаланылмақ.

Ашылу бағдарламасы
- 6 қараша, 11:00 – «Етік киген мысық» музыкалық ертегісі
- 6 қараша, 19:00 – «Шекспирге деген құштарлық» комедиясы
- 7 қараша – театрдың туған күніне және жаңартылған ғимараттың ашылуына арналған «САЦ. Үйге оралу» гала-қойылымы
- 7 және 8 қараша, 12:00 – «Етік киген мысық» музыкалық ертегісі
- 7 және 8 қараша, 18:00 – «Шекспирге деген құштарлық» комедиясы
