Автоматтандырылған цехта «ақылды көпірлі кран» белгіленген тәртіппен картон қораптарды бөліп жатыр, ал қапталған сүт конвейер желісі арқылы робот-паллетайзердің жұмыс алаңына келіп түседі. Робот механикалық қолын созып, төменгі жағындағы вакуумды сорғыштардың көмегімен өнімді тұғырларға дәлдей орналастырады. Содан кейін жүргізушісіз арбаша өнімді қоймаға жеткізеді. Шыңжаңдағы сүт компанияларының бірінде өндіріс процесі осылай жүріп жатыр.
Шикізат көзінен бастап тұтынушының дастарқанына дейін кәсіпорын сүт өнімдерін өндірудің барлық кезеңіне цифрлық және интеллектуалды технологияларды енгізіп, интеллектуалды өндіріс есебінен өндірістің цифрлық трансформациясына ықпал етуде.
Сиырларға кулон-сырғалар тағылады — бұл адамдардың ақылды сағат таққанына ұқсайды. Осының арқасында сауын көлемі мен жануарлардың денсаулық күйі сияқты деректерді нақты уақыт режимінде бақылауға болады.
«Ақылды сырғалардың көмегімен біз әр сиырға жеке кәсіби куәлік жасаймыз, күнделікті сауын көлемін тіркейміз, сондай-ақ оның денсаулық жағдайы мен дәрі-дәрмек қолданылуын жүйелі түрде қадағалаймыз. Құлақтағы сырға шын мәнінде сиырдың «жеке куәлігі» болып табылады: онда оның өсімталдығы мен тегі туралы да мәліметтер бар», — деді кәсіпорынның Әкімшілік мәселелер жөніндегі департаменті Техникалық басқару орталығының бастығы Ло Сяохун.
Ло Сяохун сүт саласында 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Еңбек жолының басын еске алған ол ол кезде таңғы сағат төрттен өте сала тұруға, малшылардан сүт қабылдау пунктеріне баруға, шелектеп сүт жинауға, содан кейін әр партияны тексеруге тура келгенін айтты.

Бүгінде көптеген мал шаруашылығы фермалары дәстүрлі қолмен сауудан бас тартып, заманауи сауын жабдықтарын пайдалануға көшті.
«Сиырлар сауын платформасына кіргенде, машина саууды автоматты түрде орындайды. Бұл сүттің сапасына жақсырақ кепілдік беруге мүмкіндік береді. Мен кәсіпорынға жаңадан жұмысқа келгенде, мұндай интеллектуалды жабдық түсіме де кірмейтін», — деді Ло Сяохун.
Орталық диспетчерлік «фабрика миында» қызметкерлер цехтардағы өндірістік процестерді компьютерлер арқылы басқара алады. Цехтарда автоматтандырылған жабдық белгіленген тәртіппен үйлесімді жұмыс істейді, ал стерильдеу және жартылай фабрикаттар шығару сияқты процестер толығымен автоматтандырылған. Дәстүрлі өндірістік желілермен салыстырғанда, бүгінде бір зауытта өндіріс тиімділігі 50%-ға өсті, энергия тұтыну 25%-ға азайды, ал сүт өнімдерінің түр-түрін щолдан шығарудың күнделікті көлемі 600 тоннадан асады.
Екінші реттік қаптау цехында да құю, қораптарға түйіндеп орау және қоймаға орналастыру сияқты процестер автоматтандырылған. Бұрын қаптау операцияларын орындау үшін ауысыммен жұмыс істейтін 20 адам қажет болатын. Енді робот-паллетайзерлердің көмегімен өндірістік желінің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету үшін оның жұмысын бақылайтын екі қызметкер жеткілікті.
Үлкен интеллектуалды экранда зауытта сүт қабылдау, жабдықтардың жұмыс күйі, энергия тұтыну және басқа да көрсеткіштер туралы ақпарат орталықтандырылған түрде көрсетіледі. Өндірісті басқару жүйесі шығындарды оңтайландыру үшін деректер ұсына отырып, өндірістің барлық кезеңдерін стандартталған түрде тіркеуді жүргізеді. Жабдықтың жұмысын мониторингілеу жүйесі ақаулар туралы уақытылы хабарлайды. Өнім сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жүйесі өнім сапасын басқаруға қолдау көрсете отырып, түрлі сынамаларды тексеру барысын динамикалық режимде көрсетеді.
Қазіргі уақытта кәсіпорын Қытай ауыл шаруашылығы университеті және Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы сияқты жоғары оқу орындарымен және ғылыми-зерттеу ұйымдарымен ынтымақтаса отырып, ғылыми-зерттеу жетістіктерін өндіріске енгізуге ықпал етуде және цифрлық әрі интеллектуалды технологиялар есебінен сүт саласының дамуына қосымша серпін беруде.
Келесі материал: «Саусақ ұшындағы қолөнерден» «саусақ ұшындағы экономикаға»: Шыңжаңдағы музыка ауылының жаңа тынысы
