Қазақстанда Ұлыбританияның жетекші зерттеу университеттерінің бірі – University of Exeter-пен білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейту көзделіп отыр. Тараптар елде тау-кен ісі бойынша білім беруді дамыту және университеттің филиалын ашу мүмкіндігін талқылады, деп жазады SteppeNews.kz.
Бұл мәселе Лондонда өткен еуропалық роуд-шоу аясында қаралды. Кездесуге Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Эксетер университетінің проректоры, профессор Александра Джербаси қатысты.
Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі – тау-кен өнеркәсібі мен экономиканың басқа да басым салаларына қажетті жоғары білікті мамандар даярлау болды. Сонымен қатар тараптар жоғары білім мен ғылыми зерттеулер бағытындағы қазақ-британ ынтымақтастығын нығайту мәселелерін талқылады.

Әсіресе Ұлыбританиядағы Camborne School of Mines тау-кен мектебінің тәжірибесін Қазақстанда қолдану мүмкіндігіне назар аударылды. Бұл оқу орны тау-кен ісі және минералдық-шикізат саласына мамандар даярлайтын жетекші академиялық орталықтардың бірі саналады.
Тараптар академиялық байланыстарды дамытуға, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және отандық өнеркәсіптің сұранысына сай кадрлар даярлауға мүдделілік білдірді.
Осы бағыттағы уағдаластықтар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен University of Exeter арасындағы ынтымақтастық туралы құжатта бекітілген. Құжатта Қазақстанда тау-кен ісі саласындағы білім беруді дамытуға арналған бірлескен жұмыстармен қатар, университет филиалын ашу жоспары да қарастырылған.

Алдын ала талқыланып жатқан білім беру бағдарламаларының қатарында төрт бағыт бар:
-
Тау-кен ісі (Mining);
-
Мұнай инженериясы (Petroleum Engineering);
-
Озық материалтану (Advanced Materials Science);
-
Тұрақты дамуды басқару (Sustainable Development Management).
Бұл мамандықтар Қазақстан экономикасының инженерлік, технологиялық және басқарушылық кадрларға деген қажеттілігін ескере отырып таңдалған. Қазіргі уақытта жоба жан-жақты пысықталып жатыр.

University of Exeter туралы не белгілі?
1855 жылы құрылған University of Exeter – Ұлыбританиядағы жетекші мемлекеттік зерттеу университеттерінің бірі. Ол беделді Russell Group қауымдастығына кіреді. QS World University Rankings 2027 рейтингі бойынша оқу орны әлемдегі университеттер арасында 136-орынға ие.
Университет геология, геофизика және қоршаған орта ғылымдары бағыттарындағы зерттеулерімен де танымал.
Қазақстан мен University of Exeter арасындағы серіктестікті дамыту отандық жоғары білім беру жүйесінің халықаралық байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар шетелдік академиялық тәжірибені енгізіп, елдің тау-кен және мұнай-газ өнеркәсібіне қажетті білікті мамандар даярлауға жол ашуы мүмкін.
Келесі материал: Қазақстанда 494 атаудағы жаңа дәрілік препарат өндіру жоспарланып отыр
