2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін арттыру және микро- және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесі қаралады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа Жолдауын жүзеге асыру шаралары талқыланды. Жиында әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттары бойынша мемлекеттік органдардың басшылары баяндама жасады.
Азамат Әмриннің айтуынша, Ұлттық экономика министрлігі халықтың әл-ауқатын арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту, инвестиция тарту, салық және бюджет саясатын жетілдіру, мемлекеттік басқару жүйесін реформалау бағытында жұмыс жүргізеді.
Ең төменгі жалақы мен инфляция
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Қажетті қаражат алдағы үш жылдық бюджетте қарастырылады.
Инфляцияны төмендету үшін тарифтік саясатпен қатар баға өсімін бақылау және тежеу шаралары күшейтіледі.
Шағын және орта бизнесті қолдау
Кәсіпорындардың іріленуіне жағдай жасау мақсатында орта бизнесті дамыту жоспары әзірленіп жатыр. Құжатта ұзақ мерзімді қаржыландыру, технологиялық жаңғырту және бизнеске түсетін әкімшілік қысымды азайту тетіктері қамтылады.
Сонымен қатар Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро- және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге және профилактикалық бақылауға үш жылдық мораторий енгізу мәселесі қаралады.
Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары маркетплейстер, банктер және логистика сияқты цифрлық сервистердің мүмкіндіктерімен біріктіріледі. Экономикалық тәуелділіктерді басқару мен сценарийлік талдаулар жүргізуде жасанды интеллект технологиялары да қолданылады.
Салық заңнамасы мен инвестициялық саясат
Салық заңнамасын жетілдіру бойынша Жобалық кеңсе аясында жұмыс жүргізіліп келеді. Бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстары ескеріліп, Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер пакеті дайындалған.
Ірі капитал иелері үшін жоғары мөлшерлеме енгізу мәселесі халықаралық тәжірибені ескере отырып қарастырылады. Бұл ретте Қазақстанның экономикалық ерекшеліктеріне бейімделген тәсіл әзірленеді.
Инвестиция тарту тиімділігін арттыру үшін «Бәйтерек» холдингіне инвестициялық саясат саласында қосымша функциялар беріледі.
Инфрақұрылымдық даму және Алатау қаласы
Мемлекет басшысының инфрақұрылымды ауқымды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында Инфрақұрылымдық даму қоры құрылды. Қордың құқықтық негіздерін, жобаларды қаржыландыру тәртібін және қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылау тетіктерін айқындайтын Бюджет кодексіне түзетулер әзірленді.
Негізсіз және тиімсіз шығындардың алдын алу үшін жасанды интеллект технологияларын қолдану жоспарланып отыр.
Алатау қаласының инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында оның арнайы құқықтық режиміне қатысты Конституциялық заңға түзетулер дайындалды. Қаладағы сот жүйесінің қызметі жөнінде ведомствоаралық жұмыс тобы жұмыс істеп жатыр. Түзетулерді 2027 жылғы қаңтардың соңына дейін Құрылтай қарауына енгізу жоспарланған.
Мемлекеттік басқаруды реформалау
Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту аясында мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру, оны цифрландыру және жасанды интеллектпен жұмыс істеуге бейімдеу көзделген.
Осы мақсатта құқықтық және қаржылық шаралар қабылданып, жаңа экономикалық жағдайға сай мемлекеттік басқаруды реформалаудың кешенді жоспары әзірленеді.
Келесі материал: Өзбекстан президентінің кітабы Қытайда қытай тілінде жарық көрді
