Алматы облысындағы Oi-Qaragai тау курорты халықаралық Ski Business Awards байқауында «ТМД елдерінің үздік тау шаңғысы кешені» номинациясын жеңіп алды. Бұл жетістік Қазақстанның туристік әлеуетін танытып, отандық демалыс орындарының халықаралық нарықтағы орнын нығайта түсті деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасай отырып.

Ski Business Awards марапаты жыл сайын тау шаңғысы саласының мамандары мен өкілдерін біріктіретін Туристік аумақтар форумы (FTT) аясында өткізіледі. Байқау кезінде инфрақұрылымды жетілдіру, жаңа технологияларды енгізу және келушілерге ұсынылатын қызмет сапасын арттыру бағытында нәтижеге жеткен курорттар бағаланады.
Oi-Qaragai бұған дейін де халықаралық байқауларда бірнеше рет үздік деп танылған. Курорт «Үздік IT-шешім» және «Балалар лагерінің үздік бағдарламасы» аталымдарында жеңіске жеткен. Сондай-ақ 2025 жылы маркетинг бағытындағы жұмыстары үшін марапатқа ие болған.

Қазіргі уақытта Алматы облысында курорттың аумағын ұлғайтуға арналған инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Жобаның жалпы құны 53,2 млрд теңгеге бағаланған. Қаржыландыру жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады.
Кеңейту жобасын 2028 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Нәтижесінде курорттың туристерді қабылдау әлеуеті артып, қызмет көрсету деңгейі жақсарады. Сонымен қатар 1 200-ге дейін жаңа жұмыс орнын құру көзделген.

Алматы облысы тау және экологиялық туризмді дамытуға әлеуеті жоғары аймақтардың қатарына кіреді. 2025 жылы өңірге келген туристер саны 658 мыңға жеткен. Туристік инфрақұрылымның жаңаруы келушілер ағынын көбейтіп қана қоймай, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және жергілікті экономиканың дамуына серпін береді.

Қолданыстағы демалыс орындарын жаңғырту және жыл он екі ай жұмыс істейтін туристік кешендерді көбейту еліміздің туризм саласындағы басым бағыттарының бірі болып отыр. Мұндай жобалар ішкі және шетелдік туристер үшін демалыс мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Келесі материал: Қытайда көне керамика өнеріне жаңа тыныс берілді
