Алматыдағы №5 қалалық клиникалық ауруханада мамандандырылған стоматология бөлімшесі ашылды. Мұнда ерекше қажеттілігі бар балалардың тісін жалпы анестезиямен емдеуге мүмкіндік бар. Бұл туралы SteppeNews.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Даму ерекшеліктері бар немесе тіс дәрігеріне барудан қатты қорқатын балалар үшін стоматологиялық ем қабылдау қиындық тудыруы мүмкін. Кейбір пациенттер медициналық процедураларды көтере алмайтындықтан, оларға емді жалпы анестезия арқылы жүргізу қарастырылған. Бұл кезде дәрігерлер науқастың жағдайын тұрақты бақылауда ұстайды.

Бөлімше қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда ересектер мен балаларға арналған стоматологиялық кабинеттер, анестезиологтың жұмыс орны және анестезиядан кейін пациенттің оянуына арналған палата бар. Ем алдында науқастар медициналық тексеруден өтеді. Ал жалпы анестезияны қолдану мүмкіндігі әр адамның денсаулық жағдайы мен медициналық көрсетілімдеріне қарай жеке анықталады.
Бөлімшеде тіс емдеумен қатар ауыз қуысын кешенді сауықтыру жұмыстары да жүргізіледі. Қажет болған жағдайда бірнеше стоматологиялық процедураны бір сеанста орындауға болады. Бұл пациенттердің ауруханаға бірнеше рет келу қажеттілігін азайтып, емдеу үдерісін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Бөлімше ашылғалы бері 100-ден астам пациент жалпы анестезиямен стоматологиялық ем қабылдаған. Сонымен қатар медициналық мекемеде күн сайын жоспарлы және шұғыл көмек көрсетіледі. Мамандар тәулігіне орта есеппен тісі қатты ауырған 10-ға жуық адамды қабылдайды.
Жаңа бөлімшенің ашылуы Алматыда мамандандырылған стоматологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Медициналық мекеме өкілдерінің айтуынша, басты мақсат — әр пациенттің жеке қажеттілігін ескере отырып, сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету.
Келесі материал: Қытайлық суретші Шыңжаңдағы туранга ормандарының ерекшелігін бейнеледі
