Альцгеймер ауруына шалдыққан адамдардың қанындағы HAEE затының концентрациясы есте сақтау және ойлау қабілетінде бұзылыстары анықталмаған адамдармен салыстырғанда шамамен екі есе төмен болған. Мұндай қорытындыға 350 адамның қан үлгілерін зерттеген ғалымдар келді. Зерттеушілердің пікірінше, бұл зат болашақта ауруды анықтауға арналған жаңа қан талдауын әзірлеуге көмектесуі мүмкін деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Зерттеу Ресейдің төрт қаласында — Мәскеу, Санкт-Петербург, Томск және Нижний Новгородта жүргізілді. Оған Альцгеймер ауруына шалдыққан 200 пациент және бақылау тобындағы 150 адам қатысты.
Ғалымдар төрт аминқышқылынан тұратын шағын қосылыс — HAEE пептидінің мөлшерін өлшеді. Бақылау тобындағы адамдардың қанында оның орташа концентрациясы миллилитріне 360,5 пикограмды құраса, Альцгеймер ауруына шалдыққан пациенттерде бұл көрсеткіш 175 пикограмм болған.
Сонымен қатар зерттеушілер HAEE деңгейі аурудың ауырлығына тікелей байланысты емес екенін анықтады. Аурудың әртүрлі сатысындағы пациенттер арасында бұл заттың мөлшеріне қатысты айтарлықтай айырмашылық байқалмаған.
Бастапқыда ғалымдар HAEE пептидін Альцгеймер ауруы кезінде мида жиналуы мүмкін бета-амилоид ақуызына қарсы ықтимал құрал ретінде зерттеген. Зертханалық тәжірибелерде пептид осы ақуыздың шоғырлануына кедергі келтірген. Бұған дейінгі зерттеулерде ғалымдар оның жануарлар ағзасындағы бета-амилоид шөгінділеріне ықтимал әсерін де тексерген.
Алайда HAEE затының адам қанынан анықталуы зерттеушілер үшін күтпеген нәтиже болды. Енді ғалымдар оның қандағы концентрациясын Альцгеймер ауруының белгілерін анықтауға көмектесетін көрсеткіш ретінде пайдалануға болады деп болжайды.
Дегенмен бұл нәтиже әзірге жаңа диагностикалық әдісті жасауға негіз болатын ғылыми тұжырым ғана. HAEE деңгейін өлшеу Альцгеймер ауруын анықтаудың дайын әрі дәлелденген тәсілі ретінде қарастырылмайды.
Келесі материал: Қазақстандық суретшілер Қытайдағы туранга ормандарының сұлулығын бейнеледі
