Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Республика күні қарсаңында өткен жарқын күзгі мереке аясында озық ғылыми жобалар, ауқымды экологиялық бастамалар, студенттік стартаптар және әлемдік рекордты орнатуға бағытталған ашық қол жинау акциясы ұйымдастырылды.
Іс жүзіндегі ғылым мен жасыл болашақ: батареяларды өңдеуден сирень аллеяларына дейін
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың мерекелік бағдарламасы өзінің ауқымдылығымен таңғалдырып, академиялық зерттеулердің экономиканың нақты секторымен тығыз байланысын айқын көрсетті.
Күннің басты ғылыми оқиғасы — литий-ионды аккумуляторларды өңдейтін пилоттық цехтың ашылуы болды.

Жаңа өндірістік алаңда отандық ғалымдар батареяларды қауіпсіз утилизациялау және олардан құнды компоненттерді — литий, кобальт пен никельді бөліп алу технологияларын сынайды. Бұл жасыл энергетика мен электр көлігін дамыту үшін ерекше өзекті.


Жоба жетекшісі Фёдор Мальчик қонақтарға жоғары технологиялық жабдықтарды, соның ішінде Fante 400 шредери мен сұрыптау қондырғыларын таныстырды.
ҚазҰУ Басқарма мүшесі, академикалық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева университет ғылымының өнеркәсіппен ынтымақтастығының маңызын атап өтті:
«Мұндай жобалар ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, отандық ғалымдарға қолданбалы зерттеулер жүргізуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұдан бөлек, экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған бұл бастама тұрақты даму принциптерін іске асыру үшін ерекше маңызға ие».



Экологиялық күн тәртібін «Таза Қазақстан» республикалық акциясы жалғастырды. Университет ғалымдары, оқытушылары мен студенттері оқу корпустары мен жатақханалар маңына 30 қарағай мен 35 сирень көшетін отырғызды. Акция аясында жалпы саны 65 жаңа жасыл көшет пайда болды. Олар университеттегі көпжылдық көгалдандыру дәстүрін одан әрі жалғастырды. Айта кетейік, осы дәстүр аясында 2021 жылдан бері мұнда 3000-нан астам ағаш отырғызылған.



Білім беру флагманы: инновациялар, стартаптар жәрмеңкесі және ауқымды дәм-тұз
Мереке эстафетасын креативті және инновациялық идеялардың дәстүрлі «Алтын күз» жәрмеңкесі іліп әкетті. Университет кітапханасының жанында интерактивті алаңдар ұйымдастырылып, онда жас зерттеушілер AIQaz-Media, KazNU Ilearn, Zhurek AI және AlfaBrain сияқты озық IT-стартаптарды таныстырды.
«Оқитын ұлт» жобасы аясындағы әдеби көрме ерекше назар аудартты, онда отандық жетекші баспалар өздерінің жаңа басылымдарын ұсынды. Мерекелік атмосфераны Darhan Radio медиаплатформасындағы өнер көрсетулер, «Жас шебер» стартапының көрмесі және студенттердің Республика күніне арналған жарқын шығармашылық жұмыстары толықтыра түсті.


Белсенді демалысты ұнататындар ұлттық спорт түрлерінен бақ сынасты. Қазақша күрес, асық ату, арқан тартыс және тоғызқұмалақтан тартысты жарыстар өтті. Ал жәрмеңкенің гастрономиялық ауқымы жиналғандарды таңғалдырды: ұйымдастырушылар қатысушыларға 1000 килограмм дәстүрлі палау, 500 килограмм хош иісті бауырсақ, сондай-ақ Zamran фирмалық сусынын, университет агробиостанциясының балғын көкөністері мен жемістерін және құмда пісірілген түрік кофесін ұсынды.

Сонымен бірге әлеуметтік жауапкершілік те тыс қалмады. «Ашық жүрек» студенттік ұйымы үйде пісірілген тәттілердің қайырымдылық жәрмеңкесін өткізді. Одан түскен қаражат аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуге бағытталады.

Әлемдік рекордқа қадам: Мадина Әшилованың автокөлігі жәрмеңкеге қатысушылардың ықыласына қалай бөленді
Жәрмеңке аясында Гиннесстің рекордтар кітабына ресми өтінім беру үшін ауқымды қол жинау шарасы өтіп жатқан Мадина Ашилованың бірегей арт-объектісі — автокөлігі де назардан тыс қалмады.

ҚазҰУ-дың мерекелік атмосферасы мен интернационалдық рухы өте көп адамды тартты. Көлікке өз қолтаңбаларын университет студенттері мен оқытушылары ғана емес, сонымен бірге көптеген қонақтар мен Үндістан, Қытай және Түркиядан келген шетелдік студенттер де ықыласпен қалдырды. Оқиға жаһандық бірліктің шынайы символына айналды. Қатысушылардың белсенді қолдауының арқасында жәрмеңке кезінде 300-ден астам жаңа қолтаңба жиналып, есептегіш көрсеткіші 1775-тен 2088 қолға дейін өсті!
Қатысушылар мен қонақтар өз әсерлерімен қуана бөлісті:

Өтеген Өтемісов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті:
«Мен бұл акцияға бірінші рет қатысып жатырмын. Өз қолтаңбамды қалдырғым келеді, өйткені бұл — тарих. Бүгін бәрі жақсы болып, рекордымызды жинаймыз деп ойлаймын. ҚазҰУ — адамдардың басын қосатын университет. Мұнда әркім өз ісін табады, университет болашақты қалыптастырады».

Жұмабай Ділманов, іс-шара қонағы:
«Қазір Гиннесс рекорды үшін қолтаңбамды қоямын. Керемет идея! Өте тартымды. Сіздер өте креативті әрі шығармашылсыздар. Мен «Тұран ТВ» арнасын әрдайым қарап жүремін және арнаның бастамаларын қызу қолдаймын».


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дегі күзгі жәрмеңке озық ғылымды, экологиялық жауапкершілікті, студенттік бастамаларды және бай ұлттық дәстүрлерді қамтып, үлкен жалпыұлттық мерекеге айналды. Еліміздің жетекші университеті инновациялардың, жасампаздық пен жігерлі жеңістердің қуатты драйвері екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Келесі материал: FlyArystan Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі ең ірі шетелдік авиакомпания атанды
Посмотреть эту публикацию в Instagram
