Қырғызстан алдағы жылдары 25–30 миллионға дейін шетелдік турист қабылдауды көздеп отыр. Бұл туралы ел президенті Садыр Жапаров Чаткал ауданының тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді деп хабарлайды SteppeNews.kz 24KG ақпараттық сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында жергілікті кәсіпкер туризм саласын бірнеше жылдан бері дамытуға тырысып жүргенін, алайда жер телімдерін рәсімдеу кезінде қиындықтарға тап болатынын айтты. Оның сөзінше, қажетті рұқсат құжаттарын алу үшін ауданнан шалғай орналасқан түрлі мемлекеттік мекемелерге баруға тура келеді. Кәсіпкер мамандарды ауданға жіберіп, жергілікті тұрғындардың мәселелерін сол жерде шешуді ұсынды.
Бұған жауап ретінде Садыр Жапаров туризмді дамытуға ниетті кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді тиісті мемлекеттік органдарға тапсырды.
Президенттің айтуынша, заң талаптары сақталған жағдайда орман қоры жерлеріне A-frame үлгісіндегі шағын үйлер мен киіз үй лагерьлерін орналастыруға болады. Алайда мұндай аумақтарда күрделі құрылыс жүргізуге рұқсат етілмейді.
«Егер адам туризмді дамытқысы келсе, біз оны барынша қолдауымыз керек. Болашақта туристерді орналастырып үлгере алмай қаласыздар», — деді Садыр Жапаров.
Мемлекет басшысы 2020 жылы Қырғызстанға шамамен 3,5 миллион турист келгенін, ал қазір бұл көрсеткіш 13 миллионға жеткенін атап өтті. Алдағы жылдары туристер санын 25–30 миллионға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Садыр Жапаров Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан кейін Қырғызстанға шетелдегі қызығушылық артқанын айтты. Оның сөзінше, елдің шетелдегі елшіліктері мен консулдықтарына виза алу жөнінде көптеген өтініш түсіп жатыр.
Президент жергілікті билік өкілдерін, әсіресе таулы аймақтарда, туризмді дамытуға ниетті кәсіпкерлерге көбірек мүмкіндік беруге шақырды. Мысал ретінде жылы маусым басталғаннан күздің соңына дейін туристерді қабылдайтын 10–15 киіз үйден тұратын маусымдық лагерьлер ұйымдастыруды ұсынды.
Сонымен бірге ол туристік инфрақұрылымды дамыту кезінде экологиялық және құрылыс талаптарын сақтап, табиғатқа зиян келтірмеу қажеттігін ескертті.
Келесі материал: Қазақстанда Ғазиз Байтасов атындағы ведомстволық медаль тағайындалды
