Жамбыл облысында 1986 жылы салынған Тараз теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жоба Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан теміржол вокзалдарын жаңарту бағдарламасы аясында орындалды. Бұл туралы SteppeNews.kz ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңғыртудың мақсаты – теміржол инфрақұрылымын жақсартып, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру және пойыздарды күтуге қолайлы жағдай жасау.

Қайта жаңарту барысында вокзалдың екі қабатты ғимараты кешенді жөндеуден өтті. Қазір оның жалпы ауданы 3 035 шаршы метрді құрайды. Жұмыстар ғимараттың қасбеті мен шатырын, ішкі бөлмелерді, инженерлік желілерді, перронды және оған іргелес аумақты қамтыды.
Қасбетті әрлеуге травертин қолданылып, жертөле бөлігі қазақстандық өндірістегі гранит плиталармен қапталды. Сондай-ақ энергия үнемдейтін екі қабатты әйнектері бар жаңа терезелер мен алюминий витраждар орнатылды.

Вокзалдың ішкі бөлмелері заманауи, жанбайтын материалдармен әрленді. Дыбыс оқшаулайтын аспалы төбелер мен тозуға төзімді еден жабындары қолданылды. Бұл шешімдер ғимараттың энергия тиімділігін арттырып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.



Тараз вокзалы бірінші санатқа жатады. Мұнда тәулігіне орта есеппен 2 444 жолаушыға қызмет көрсетіледі. Станция арқылы Қазақстанның Алматы, Астана, Қарағанды, Семей, Павлодар, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Орал, Атырау, Қостанай, Көкшетау, Қызылорда, Петропавл және Сарыағаш қалаларына, сондай-ақ Ресей қалаларына қатынайтын 36 жолаушылар пойызы өтеді.
Келесі материал: Өзбекстан құрамасы Параазиялық ойындардан 145 медальмен оралды
