Еліміздің бас ұлттық мерекесі – Республика күніне орай Алматыдағы «Медеу» биік таулы мұз айдынында Мемлекеттік Туды көтеру салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айтулы іс-шараға қала әкімі Дархан Сатыбалды, мәдениет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Халық Кеңесі мен Қоғамдық кеңес өкілдері, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының белсенділері, танымал спортшылар, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Мерекелік жиынға барлығы 1 500-ден астам адам жиналды.

Салтанатты шара аясында әскери үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Мемлекеттік Әнұран шырқалып, биіктігі 40 метрлік тұғырға көлемі 7х14 метр болатын Мемлекеттік Ту көтерілді.
Мереке қарсаңында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар алматылықтарға мемлекеттік наградаларды салтанатты түрде табыс етті.

Мерекелік іс-шаралар тізбегі Республика сарайында өткен салтанатты концертпен жалғасты.
Оқи отырыңыз: Республика күні 2026: Алматыдағы мерекелік іс-шаралар тізімі
Келесі материал: Ташкентте Франциямен бірлескен Халықаралық сән академиясы ашылады
