Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхтің Германия Федеративтік Республикасына мемлекеттік сапары аясында екі елдің жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық туралы жеті құжатқа қол қойылды. Келісімдер білім беру саласындағы байланысты нығайтуға бағытталған деп хабарлайды SteppeNews.kz montsame.mn сайтына сілтеме жасай отырып.
Құжаттарға қол қою екі ел арасындағы ғасырлық әріптестікті дамытуға және ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұзақ және қысқа мерзімді білім беру, ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастыруға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және оқытушылар, зерттеушілер мен студенттер арасында академиялық алмасуды кеңейтуге жол ашады.
Бұдан бөлек, су ресурстарын басқару, тау-кен өндірісі жүретін өңірлердегі қоршаған ортаны қорғау, кен жұмыстары аяқталғаннан кейін жерлерді қалпына келтіру және электротехника бағыттары бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру көзделген.
Германияның жоғары оқу орындарының Моңғолиядағы жоғары білім беру жүйесін мойындауы және бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыруға дайын болуы екі ел арасындағы білім беру байланыстарын нығайтудағы маңызды қадам саналады.
Сапар аясында мынадай құжаттарға қол қойылды:
— Моңғолия мемлекеттік университеті мен Лейпциг университеті арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум. Құжатқа Моңғолия мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Баянжаргалын Очирхуяг пен Лейпциг университетінің ректоры, профессор Ева Инес Обергфелл қол қойды.
— Моңғолия мемлекеттік университеті мен Дрезден техникалық және экономикалық жоғары мектебі арасындағы ынтымақтастық туралы келісім. Құжатқа екі оқу орнының ректорлары Баянжаргалын Очирхуяг пен Инго Герстинг қол қойды.
— Моңғолия ғылым және технологиялар университеті, «Эрдэнэс УТП» компаниясы және Фрайберг тау-кен академиясының технологиялық университеті арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум. Құжатқа университет ректоры Т. Намнан, компанияның атқарушы директоры Н. Мунх-Идэр және университет ректоры Ютта Эмес қол қойды.
— Герман-Моңғол ресурстар және технологиялар институты мен Дрезден техникалық және экономикалық жоғары мектебі арасындағы ынтымақтастық туралы келісім. Құжатқа институт ректоры Б. Батцэнгэр мен Дрезден жоғары мектебінің ректоры Инго Герстинг қол қойды.
— Герман-Моңғол ресурстар және технологиялар институты мен БҰҰ университетінің материалдық ағындар мен ресурстарды кешенді басқару институты арасындағы ғылыми-зерттеу ынтымақтастығы туралы меморандум. Құжатқа институт ректоры Б. Батцэнгэл мен БҰҰ университетінің институт директоры Даниэль Карте қол қойды.
Аталған келісімдер екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы академиялық байланысты кеңейтіп, бірлескен ғылыми зерттеулер мен білім беру бағдарламаларын дамытуға негіз болады.
Келесі материал: Дархан Сатыбалды 89 алматылыққа мемлекеттік наградалар табыстады
