Шымкент, 22 қазан 2026 жыл – Coca-Cola İçecek (CCI) Kazakhstan IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR 2026) форумы аясында «Ұзақ мерзімді серіктестік үшін» номинациясы бойынша марапатқа ие болды. Төсбелгі компанияның Қазақстандағы 30 жылдан астам уақыт бойы атқарған жұмысына, өндірістік қуатын жүйелі түрде кеңейтуіне және ел экономикасын дамытуға қосқан үлесіне берілген жоғары баға болды, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
KGIR 2026 мемлекеттік органдардың, халықаралық компаниялардың, инвесторлардың және бизнес-қоғамдастық өкілдерінің басын қосты. Форум «Тұрақтылықтан өсуге: Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі» тақырыбында өтті. Катысушылардың назары елдің инвестициялық әлеуетіне, капитал тартып, бизнесті дамыту келешегіне бағытталды.
Сусындар өндіру жөніндегі түріктің ұлттаралық компаниясы әрі Anadolu Group түрік холдингінің негізгі активтерінің бірі болып табылатын CCI Kazakhstan елімізде 1994 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Салынған инвестиция көлемі 130 млрд теңгеден асты. Осы уақыт ішінде компания Алматы мен Астанада өндірістік инфрақұрылымды қалыптастырып, Шымкенттегі кәсіпорын қуатын дамытты және елдегі бизнесін одан әрі өркендетуге қаражат салуды жалғастыруда.
Маңызды кезеңдердің бірі – Шымкенттегі зауыттың өндірістік әлеуетін үшінші өндірістік желі арқылы кеңейту болды. Компанияның кезекті ірі инвестициялық жобасы ретінде Ақтөбеде төртінші зауыттың құрылысы басталды, оны іске қосу 2027 жылға жоспарланған. Жаңа кәсіпорын CCI Kazakhstan өндірістік инфрақұрылымын ұлғайтып, компанияның еліміздің өңірлеріндегі қатысуын нығайта түседі.
Ақтөбеде зауыт салу, сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға, заманауи технологияларды енгізуге және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға бағытталған.
«Бұл марапат біз үшін CCI Kazakhstan ұжымының көпжылдық еңбегін мойындау және Қазақстанда бизнесті жүйелі түрде дамытуға деген ұмтылысымыздың дәлелі болды. Бұл елді стратегиялық маңызды нарық ретінде қарастырамыз және өндірістік қуатты арттыруға инвестиция салуды жалғастыра береміз. Шымкенттегі өндірісті кеңейту мен Ақтөбеде жаңа зауыт салу – біздің ұзақ мерзімді стратегиямыздың маңызды белестері. Біз әрі қарай да өңірлердің дамуына үлес қосып, жаңа мүмкіндіктер ашуға және Қазақстанмен серіктестікті нығайтуға ниеттіміз», – деп атап өтті CCI Kazakhstan бас директоры Вели Динчель.
Үш онжылдықтан астам уақыт бойы CCI Kazakhstan өндіріске, адамдарға және жергілікті қоғамдастықтарға инвестиция сала отырып, елді дамыту жолында сенімді серіктес болып келеді. «Ұзақ мерзімді серіктестік» сыйлығы осы айнымас ұстанымды айшықтайды және компанияның Қазақстан экономикасы мен қоғамы үшін ұзақ мерзімді құндылық қалыптастыруға ұмтылысын растайды.
Келесі материал: Алматыда Абылай хан даңғылы мен Момышұлы көшесінде көлік қозғалысы шектеледі
